ИКАО-ның Әуе көлігі жөніндегі 7-дүниежүзілік конференциясы аясында Талғат Ластаев Корея Республикасының Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігі басшысының азаматтық авиация мәселелері жөніндегі орынбасары Чон Чхе Гёмен кездесті.
Кездесуде екі ел арасындағы әуе қатынасын кеңейту мәселесі сөз болды. Қазір Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында Астана — Сеул, Алматы — Сеул және Шымкент — Сеул бағыттары бойынша аптасына 12 тұрақты жолаушылар рейсі орындалады.
Тараптар Korean Air әуе компаниясының Қазақстан нарығына шығу жоспарына ерекше назар аударды. Қазақстан тарапы компанияның 2027 жылдың жазында Сеул — Алматы бағыты бойынша рейстерді бастау ниетін қолдады.
Жаңа тасымалдаушының келуі екі ел арасындағы жолаушылар санын арттырып, туристік байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Korean Air компаниясы Сеул — Астана бағытын ашу мүмкіндігін де қарастырып отыр.
Әуе қатынасы туралы келісім әзірленіп жатыр
Кездесуде Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы әуе қатынасы туралы келісім жобасын әзірлеуді аяқтау мәселесі де көтерілді. Талғат Ластаев қазақстандық тарап құжатқа қол қоюға дайын екенін растады.
Келісім екі ел арасындағы рейстер санын көбейтуге, авиация саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға және әуе компанияларына жаңа бағыттарды игеруге жол ашуы мүмкін.
Кездесу соңында тараптар азаматтық авиация саласындағы әріптестікті одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мен Мальдив аралдары арасындағы әуе рейстерінің саны екі есе артатынын жазған едік.