Көрерменсіз өткен премьера: Мелания Трамп туралы фильм сәтсіздікке ұшырады

Фото: Х.com/@MELANIATRUMP

АСТАНА. KAZINFORM — Amazon үлкен үміт артқан, даулы әрі коммерциялық тұрғыда табысты болады деп жоспарланған Мелания Трамп туралы деректі фильм прокатта төмен нәтиже көрсетті, деп хабарлайды BILD басылымы.

Ауқымды жарнама науқанына және қомақты инвестицияларға қарамастан, фильм күтілген көрермен санын тарта алмады.

Фильмнің прокаты қаңтардың соңғы күндерінде басталды, алайда алғашқы демалыс күндерінің өзінде-ақ көрермен тарапынан айтарлықтай қызығушылық байқалмады. Бірқатар БАҚ деректеріне сәйкес, Amazon фильмнің өндірісіне, маркетингіне және кинопрокатына шамамен 75 миллион АҚШ долларын жұмсаған. Алғашқы уик-эндте фильм АҚШ-та 1 778 кинотеатрда көрсетіліп, бар-жоғы 7,04 миллион доллар жинады.

Соған қарамастан Amazon MGM компаниясы прокаттың басталуын сәтті деп бағалап, бұл көрсеткіш соңғы 10 жылдағы концерттік фильмдерді есептемегенде ең ірі деректі фильмдік старт болғанын атап өтті. Алайда киноиндустрия өкілдері мен салалық басылымдар бұл пікірмен келіспейді.

Business Insider басылымының мәліметінше, жоба компанияға қазірдің өзінде шығын әкелген. Ал The Guardian газетінің бағалауынша, фильм өзін-өзі ақтауы үшін әлемдік прокатта шамамен 100 миллион доллар жинауы қажет.

Халықаралық нарықтарда да картина әлсіз нәтиже көрсетіп отыр. Ұлыбританияда фильм прокат рейтингінде 29-орынға тұрақтап, 155 кинотеатрда барлығы 32 974 фунт стерлинг жинаған. Аустралияда фильм тек 31-орыннан бастады. Көптеген сеанстардың дерлік бос залдарда өткендігі хабарланды.

The Guardian дерегінше, фильм коммерциялық үмітті ақтамады. Бұл жағдай премьера қарсаңында Дональд Трамптың аншлаг болады деп болжаған мәлімдемелеріне қарамастан болып отыр.

Бұған дейін Ақ үйде фильмнің жабық көрсетілімі өткендігі хабарланған еді. Жобаның продюсері Марк Бекманның айтуынша, бұл фильм саяси бағытта емес — шығармашылық тұжырымдамасын бірінші ханымның өзі жеке бақылауда ұстаған. Лентада оның стилі, дипломатиялық қызметі, қауіпсіздік мәселелері көрініс тапқан, сондай-ақ президенттің әзілқой қырын көрсететін эпизодтар да бар.