«Ядролық сынақтардың ғаламдық мониторинг жүйесіне кіретін қазақстандық Ұлттық мәліметтер Орталығы 2013 жылғы 12 ақпан күні Гринвич бойынша 02 сағат 57 минут кезінде Корея Халықтық-Демократиялық Республикасының аймағында орын алған ядролық сынақтар салдарынан жерасты сілкіністерді тіркеген.
Қазақстан Республикасы Корея Халықтық-Демократиялық Республикасының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2006 жылғы №1718 және 2009 жылғы №1874 қарарларын бұза отырып жүзеге асырған кезекті ядролық сынақтарын қатаң сынайды.
Ядролық қаруды сынақтан өткізу ядролық қарусыздану үдерісіне кері әсерін тигізеді және өңірлік, сондай-ақ ғаламдық деңгейде қауіпсіздікке қатер туғызады. Біздің еліміз ядролық сынақтардың зардабын бастан кешіре отырып, БҰҰ аясында Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл Халықаралық күнін жариялауға мұрындық болған.
Осыған орай, Қазақстан тез арада солтүстік Корея ядролық мәселесі бойынша алтыжақты форматта келіссөздерді қайта жандандыруды қолдайды және Пхеньянды алаңдаушылықты ушықтыратын кез-келген қадамнан бас тартуға шақырады», - делінген мәлімдемеде.