Қорғаныс министрлігі әскерде намаз оқуға қатысты мәлімдеме жасады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан, діни сенім мен әскери қызмет бірге қарастырылмайды.

Фото: Ақтау гарнизоны баспасөз қызметінен

Бұл жөнінде Мәжілістің кулуарында ҚР Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Асқар Мұстабеков айтты.

— Заң бойынша, діни сеніміне байланысты әскери қызметтен бас тарту нормасы жоқ. Егер ондай болса, кез келген адам діни сенімін желеу етіп, әскери қызметтен жалтарар еді, — деді ол.

Сонымен бірге, Қорғаныс министрінің орынбасары әскерге келген сарбаздың діни ғибадат жасауына қатысты журналистер сұрағына жауап берді.

— Ондай біздің күн тәртібінде қарастырылмаған. Сондықтан келген бала әскердің күн тәртібімен қызметін атқарады. Біздің мемлекетіміз — зайырлы мемлекет. Жаңа Конституция бойынша да, дін әскер мен саясаттан бөлек болуы керек. Қарулы күштер ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ететін орган болғандықтан, ол — бөлек институт, — деді Асқар Мұстабеков.

Айта кетейік, бұған дейін мерзімді әскери қызметтен өтпеген азаматтар әскери мамандық алып, әскери билет иелене алатынын жазғанбыз.