2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Қорғаныс министрлігі Каспийде қаза тапқан әскерилердің жақындарына көңіл айтты

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштердің жеке құрамы Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Фото: Айгерім Амантаева / Kazinform

Министрлік болған оқиғаны бүкіл ел үшін ауыр қаза деп атады.

– Бұл – қаза тапқандардың отбасылары мен қарулас жолдастары үшін ғана емес, бүкіл ел үшін ауыр қаза. Отан алдындағы міндетін атқару кезінде өмірден өткен әскери қызметшілердің отбасыларының қайғысына ортақтасып, оларға сабыр мен төзім тілейміз, – делінген Қорғаныс министрлігінің көңіл айтуында.

Ведомство қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына тағы да көңіл айтып, «Рухтары пейіште шалқысын» деп жазды.

Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапқанын хабарлағанбыз. Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды.

Кейіннен Каспийде қаза болған әскери қызметшілердің саны 12-ге жетіп, екеуі іздестіріліп жатқаны хабарланды.

Қорғаныс министрлігі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің тізімін жариялады.

Әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын жаздық.

Бұдан бөлек, Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды. Комиссия құрамына қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор, сондай-ақ шекара қызметінің өкілдері кірді.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған комиссия Маңғыстау облысына барып, әлі табылмаған әскери қызметшілерді үздіксіз іздестіруді тапсырды.

Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.

Әскерилердің қазасынан кейін Ақтауда үш күнге жоспарланған мерекелік шаралар өтпейтіні айтылды.

25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болады.