Алматыда аллергия мен тыныс алу ауруларына маманданған орталықтар құрылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының №1 қалалық клиникалық ауруханасы базасында аллергология және пульмонология бағыттары бойынша екі құзырет орталығы құрылады.
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бұл құрылымдар халық денсаулығын қорғау жүйесінде маңызды рөл атқарады. 2025 жылы №1 қалалық клиникалық аурухана стационарында аллергиялық аурулардан 1926 пациент емделген. Ал аурухананың қабылдау бөліміне бір жылда 26 059 адам жүгінген. Оның шамамен 15 мыңы жедел аллергиялық реакциямен, ал 3 мыңға жуығы тыныс алу мүшелерінің ауруларымен түскен.
- Аллергология және пульмонология бойынша құзырет орталықтары қаладағы медициналық ұйымдарға әдістемелік қолдау көрсетеді. Бұл пациенттерді бағыттаудың бірыңғай жүйесін құруға, көпбейінді стационарлар мен емханалардың жұмысында заманауи тәсілдер енгізуге және Алматының әр ауданында арнаулы көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді, - деп хабарлады басқармадан.
Аллергология бойынша құзырет орталығы аллергиялық ауруларды ерте анықтауға, заманауи аллергодиагностика және емдеу әдістерін енгізуге көмектеседі. Ал пульмонология бойынша құзырет орталығы бронхиалды астманың, оның ішінде ауыр түрлерін, өкпенің созылмалы обструктивті ауруларын, интерстициалды өкпе ауруларын, ковидтен кейінгі жағдайды және тыныс алу жеткіліксіздігін емдеуге жоғары технологиялық көмек көрсетуге басымдық береді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда №1 қалалық перзентхана ғимараты сүрілетінін жазғанбыз.