Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери оркестрі Есіл жағалауын әуенге бөледі

АСТАНА. KAZINFORM — Астана күніне орай Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық әскери оркестрі елорда тұрғындары мен қонақтарына мерекелік музыкалық бағдарлама ұсынды.

Фото: Ұорғаныс министрлігі

Әскери оркестр Кенесары хан ескерткішінен бастау алған марш-парадпен өнер көрсетті. Музыкалық шеру Есіл өзенінің жағалауымен өтіп, Атырау көпірі арқылы Орталық саябаққа дейін жалғасты. Шеру барысында оркестр «Алматы», «Амангелді» және «Қазақ маршы» шығармаларын орындап, Есіл жағалауын әсем әуенмен тербеді. Аға әскери дирижер, Орталық әскери оркестрдің көркемдік жетекшісі майор Нұрлан Кучкаровтың айтуынша, Астана күніне арналған бұл мерекелік іс-шараның басты мақсаты – елордалықтар мен қала қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй қалыптастыру, әскери оркестрдің өнерін кеңінен таныстыру және ұлттық музыкалық мұраны дәріптеу.

– Астана күні – барша қазақстандықтар үшін ерекше мереке. Осыған орай біз әскери және ұлттық музыканы үйлестірген арнайы концерттік бағдарлама дайындадық. Бүгінгі марш-парад пен плац-концерт арқылы елорда тұрғындары мен қонақтарына мерекелік атмосфера қалыптастырып, әскери оркестр өнерінің ерекшелігін көрсетуге тырыстық. Мұндай мәдени іс-шаралар жастардың патриоттық рухын нығайтып, ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттырады деп сенеміз, – деді майор Нұрлан Кучкаров.

Марш-парадтан кейін Орталық саябақта плац-концерт (дефиле) өтті. Концерт бағдарламасында «Қазақ сувенирі» композициясы, қазақ әндерінен, Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларынан және «Дос-Мұқасан» ансамблінің әндерінен попурри орындалды. Әскери оркестрдің өнері көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, ұлттық музыканы кеңінен насихаттаған тағылымды мәдени шаралардың біріне айналды.

Айта кетелік Нұра ауданында жаңа гүлзарлар мен аулалар салтанатты түрде ашылды