Қорғас өзенінен Қазақстан мен Қытайдың ортақ меншігі болып табылатын «Достық» су торабы салынады - Парламент

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қорғас өзенінде «Достық» бірлескен ортақ су торабын басқару және пайдалану туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдады.

Парламент қабылдаған құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады. «Келісімнің негізгі мақсаты «Достық» бірлескен ортақ су торабын бірлесіп басқару және пайдалану болып табылады және Қорғас өзенінің су ресурстарын теңдей бөлуді реттейді. Бұл ретте су торабы екі мемлекеттің тең үлеске ие ортақ меншігі болып табылады. Ал оны бөлу шекарасы құрылыстың ортасы бойынша өтеді», - деді Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков.

Министрдің сөзіне қарағанда, Қазақстан мен Қытай тараптарының әрқайсысының аумағында бірлескен су торабына ұзындығы екі жүз метрді құрайтын кірме жолдар да көзделеді. Ал су торабын басқару мен пайдалану барысында оның сенімділігі мен қауіпсізділігі қамтамасыз етіледі. Су көлемін және экологиялық су жіберуді реттеудің белгіленген қағидаттарын сақтау, тасқын судың өтуін қамтамасыз ету шаралары қарастырылады.

Бұдан бөлек, бірлескен су торабын қауіпсіз пайдалану мақсатында тұрақты негізде жұмыс істейтін және тепе-теңдік қағидатын сақтайтын Қазақстан-Қытай бірлескен қызметі құрылады.