Қорғас — Шығыс қақпасы: 11 инвестор 10 млн теңгеден астам шығынға ұшырады

АСТАНА. KAZINFORM — Жетісу облысының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің үйлестіруімен жүргізген жұмыс нәтижесінде «Қорғас — Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы мен инвесторлар арасындағы шарттарда заңбұзушылықтар анықталды. Бұл туралы Прокуратура мәлім етті.

Фото: Жұмабай Мұсабеков

Ведомствоның мәліметінше, 11 инвестор 10 млн теңгеден астам мөлшерде артық шығынға ұшыраған.

Прокуратура органдары инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және бизнес құқықтарын қорғау бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастыруда. Жүргізілген талдау нәтижесінде аталған АЭА аумағын және ортақ пайдаланылатын нысандарды басқару, қызмет көрсету және күтіп-ұстау жөніндегі шарттар қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды.

Атап айтқанда, шарттарда Азаматтық кодекс нормаларына қайшы келетін ережелер, сондай-ақ басқарушы компанияның қызметтері үшін комиссияны (сыйақыны) есептеу және төлеу тәртібін қолдануда бұзушылықтар болған. Кейбір талаптар заңда көзделген жеңілдіктердің қолданылмауына әкелген.

— Нәтижесінде 11 инвестор комиссия төлеу бойынша жеңілдіктерді пайдаланбаған, осыған байланысты артық төленген сома 10 млн теңгеден асқан, — деп хабарлады прокуатурадан.

Аталған фактілер бойынша Жетісу облысының прокуратурасы басқарушы компанияның атына заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыну енгізді. Оны қарау қорытындысы бойынша қайта есептеу жүргізіліп, артық төленген қаражатты қайтару арқылы инвесторлардың құқықтары қалпына келтірілді.

Инвесторлардың құқықтарын қорғау жұмыстары жалғасады, ал инвестициялық саладағы заң бұзушылықтар жедел түрде тоқтатылатын болады.

Бұған дейін «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында өнеркәсіптік өндіріс пен көлік логистикасын дамытуға бағытталған инвестициялық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бүгінде мұнда 65 жоба іске асырылып, соның негізінде 4 мың жұмыс орны ашылады деп жоспарланғанын жаздық.