«Қорғас — Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы құрылды
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылғы 1 шілдедегі Үкімет қаулысымен «Қорғас — Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы құрылып, ережесі мен нысаналы көрсеткіштері бекітілді.
Арнайы экономикалық аймақ Жетісу облысында орналасқан. Жалпы ауданы 5431,5 гектар жер, оның ішінде порттық аймақ (әуе хабы) — 840 гектар жер, логистикалық аймақ — 483,4 гектар және индустриялық аймақ — 230,4 гектар жерді алып жатыр.
Арнайы экономикалық аймақ заманауи өндірісті жедел дамыту, инвестиция тарту, жаңа технологияны енгізу, тиімді көлік-логистикалық және индустриялық орталық құру, сондай-ақ шекара маңы ынтымақтастығын дамыту мақсатында құрылып отыр.
Нысаналы көрсеткіштерге сәйкес, 2030 жылға қарай арнайы экономикалық аймаққа тартылатын жалпы инвестиция көлемі 522,7 млрд теңгеге, ал 2035 жылға қарай 715,5 млрд теңгеге жетуі тиіс. Шетелдік инвестиция көлемі 2030 жылға қарай 10,2 млрд теңгені, 2035 жылға қарай 15,5 млрд теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр.
2030 жылға қарай арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларының саны 85 компанияға, 2035 жылы 95 компанияға дейін жетеді деп күтіліп отыр. Сондай-ақ арнайы экономикалық аймақ аумағында 2030 жылы 20,5 мыңға дейін, ал 2035 жылы 22 мыңға дейін жұмыс орны ашылады. Өндірістегі Қазақстанның үлесі 2030 жылы 75%-ға дейін, ал 2035 жылы 85%-ға дейін артады деген жоспар бар.
Сондай-ақ құжатта аймақ аумағындағы қызметтің құқықтық режимі, салық салу, кедендік реттеу тәртібі мен шарттары белгіленген.
Еске сала кетсек, 2024 жылы жекенің қолында кеткен Қорғастың терминалы мемлекетке қайтарылды.
Айта кетейік, 30 маусымда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» заңына қол қойды.