ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған соңғы 10 науқастың бәрі де Ресейден келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, 10 адамның төртеуі – Түркістан облысының, төртеуі – Шымкент қаласының, біреуі – Алматы облысының тұрғыны.
Тағы біреуі – Ресей Федерациясында оқитын, Орал қаласында тұратын 18 жастағы студент қыз.
Олар Саратов облысымен шектесетін «Тасқала» автоөткелінен өткен кезде денсаулықтарына шағымы болмаған. Алгоритмге сәйкес жедел жәрдем шақырылып, карантиндік стационарға жатқызылды.
Зерттеу қорытындысымен барлығында COVID-19 диагнозы расталып, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына орналастырылды.
Науқастармен қарым-қатынаста болғандар анықталып, медициналық бақылауға алынды.
Ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді.
Індетке қарсы күрес жалғасуда.
Осылайша БҚО-да ауырғандар саны 174-ке жетіп, соның 31-і сауығып шықты. Сырқаттанғандардың басым көпшілігі – Ресейден келгендер.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да бірден 17 адамның жазылып шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).