НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қытайлық дзюдошылар Парижде 8-9 ақпанда өтетін Grand Slam турниріне қатыспайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұлттық олимпиада комитеті мәлім еткеніндей, коронавирустың өршуіне байланысты Қытайдағы Франция елшілігі жабылған.
Елшілік 10 ақпаннан бұрын ашылмайды, демек, қытайлық делегацияға виза алуға мүмкіндік жоқ. Осыған байланысты Қытай дзюдо федерациясы Париждегі Grand Slam турниріне қатысуы тиіс спортшыларын шақыртып алды.
Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) ең алдымен спортшылардың денсаулығы басты орында тұратындығын атап өтіп, қытайлық спортшылардың алда болатын басқа әлемдік жарыстарға қатысуына тілекші екендігін жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елдос Сметов бастаған 16 дзюдошының Париждегі Grand Slam турнирінде бақ сынайтынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).