Ақтөбе облысы «жасыл» аймақта тұр. Өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Дегенмен өткен тәулікте 12 адам коронавирус инфекциясына шалдықты. Оның жетеуі Ақтөбе, өзгесі Мәртөк ауданының тұрғыны. Аурушаңдықтың өсу деңгейі 0,3% құрады.
«Жалпы облыста 3 741 жағдай тіркелді. Қазіргі уақытта оның 95 пайыздан астамы жазылды. Қазіргі кезде 100-ден астам адам үй карантинінде. Айта кетерлік жайт, мобильді топ жұмысын жалғастырып жатыр. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 425-бабы 1-бөлігі бойынша 1 285 хаттама толтырылып, оларға 170 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Барлығы 17 іс экономикалық сотқа жіберілді. Шешім қаңтар айында шығады», - деді Нұрсұлу Беркімбаева. Сонымен бірге облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері сайлау кезінде санитарлық талапты сақтауды ескертті. Арақашықты сақтау, маска тағу және антисектик қолдану маңызды. Дене қызуы көтеріліп, жөтелсе, үйден шықпай-ақ дауыс беруге болады.
«Қазіргі кезде инфекциялық ауруханаларда 74 науқас бар. Жансақтау бөлімінде 10 науқас жатқанымен, ешқайсысы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылмады», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.