Көшеге қоқыс тастаған адам емеспін - аула сыпырушы

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Жасы 50-ден асқан Әбу Шегенов 20 жылдан астам уақыт бойы бір мекемеде жұмыс істейді. Аула сыпырып, тазалықты қадағалайтын жұмысшы өзі тұратын тұрғын үйдің де бар шаруасын тыңдырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әбу Шегенов 30 жасынан бастап қара жұмыс істеді. Ақтөбедегі автопаркте автобустардың орындарын анықтап, тұрақты жерін белгілеп берген жұмысшы кейін күзетші болды. Жылдар өтіп, аула сыпырушы қызметіне ауысты. Қысы-жазы тынбай еңбек ететін Әбу Шегенов тазалықтың қадірін білетін адам. Ол қала көшесіне қоқыс тастамаған, жүрген жерін бүлдірмеген.

«Таңнан кешке дейін тазалық жұмыстарын жүргіземін. Сыпырғыш, күрек, арба қолымнан түспейді. Адамдар темекінің тұқылып, сусынның қалдығын тастап кетеді. Олар арнайы жәшікке баруға ерініп, кез келген жерге лақтырып жүре береді. Бұл мәдениетке жат қылық. Бірақ оны кейбір адам түсінеді, бір ескертуден кейін қайталамайды. Ал кейбіреуі ұқпайды, өмірлік ұстанымын өзгерткісі келмейді. Өзім тазалыққа құштармын. Үйімде де тазалықтың болғанын қалаймын. Үнемі жан-жағымды жинап, тазалап жүремін»,- деді Әбу Шегенов.
 

Жұмысшы таң қылаң бере ұйқыдан тұрып, алдымен өзі тұратын көпқабатты үйдің ауласын тазалайды. Түні бойы жиналған қоқысты арнайы жәшіктерге жинап, кейін тұрақты жұмысына кіріседі. Мұнда да сол жұмыс дайын тұр.

«Мен өзім тұратын үйдің ауласын тазалаймын. Айына 3-6 мың теңге береді. Сыпыру, қоқыстарды жинау ол жұмыс, бір жағынан адам үшін жақсы әсер қалдырады. Қонаққа келген адамдардан ұялмаймыз, ауламызды таза ұстаймыз. Әрі өзім жасыл желекті жақсы көремін. Алдымен жұмыс істейтін мекемеге тал отырғызып, кейін өсіп шыққасын жас шыбықты үйдің ауласына ектім. Балалар сындырады, бірақ кейбірі өсіп шықты. Жазда аптасына 1-2 рет суарып тұрамын. Жазда гүл де ектім. Әлі де көгалдандыру жұмыстарын жүргіземін. Мұның бәрі жақсы әдет. Балама да осы жолды айтып, үнемі тазалыққа шақырып отырамын»,- деді аула сыпырушы.

Әбу Шегенов Ақтөбеге Қарақалпақстаннан қоныс аударған. Бір ұл тәрбиелеп өсірді, таяуда үйлендірді. Өзі футбол қарағанды ұнатады. Жаз айында Қобыланды батыр атындағы орталық стадионға барып, «Ақтөбе» футбол командасының ойындарын тамашалайды. Әрі күнделікті жаңалықтарды қалт жібермейді, қажетті ақпаратты интернеттен қарап алады. Аула сыпырушы үшін ертеңгі ауа райы аса маңызды.

«Біз үшін интернетте қызық көп. Аспан денелері туралы оқып, танымымды кеңейтемін. Планеталар, астероидтарты оқу, олардың тіршілігін білу, жаңа құбылыстар, тылсым дүниелердің бәрі маңызды. Мен олар туралы жан-жақты ақпарат алып, кейін оларды жанымдағы жолдастарыма айтып беремін»,- деді ол.