Көшеге түкіріп, насыбай атқандарға айыппұл салу қажет – саясаттанушы

АСТАНА. KAZINFORM – Жазушы әрі саясаттанушы Бақытжан Бұқарбай қоғамдық орындарда түкіріп, насыбай атқандарға қатаң айыппұл салу қажет деп есептейді. Бұл туралы ол Dala Podcast-қа берген сұхбатында айтты.

Видеодан алынған скрин

Оның айтуынша, айыппұл қоғамдық тәртіпті сақтаудың әлемнің көптеген елінде қолданылатын тиімді тетігі.

– Айыппұл тек Қазақстанның тәжірибесі емес. Сингапур дәл осындай қатаң тәртіптің арқасында бүгінгі деңгейге жетті. Онда ең төменгі айыппұл – 500 доллар. Тіпті елге ашылмаған сағызды да алып кіруге болмайды. Тапса, айыппұл салады. Соның арқасында тазалық сақталған, – деді Бақытжан Бұхарбай.

Оның пікірінше, қоғамдық орындардағы тәртіпті саналы түрде бұзатын адам ауызша ескертуден кейін өз мінез-құлқын өзгертпейді.

– Бір рет айыппұл төлеп, оның қолайсыздығын сезінген адам келесі жолы заң бұзбауға тырысады. Мұндай тәсіл қоғамдық орындарда былапыт сөз айтуға қатысты да қолданылуы керек, – деді саясаттанушы.

Бақытжан Бұқарбай сондай-ақ гаджеттерге шамадан тыс тәуелділік пен зейіннің төмендеуі жас ұрпақтың терең аналитикалық ойлау қабілетін әлсірететінін айтты.

Бұдан бөлек, ол әлеуметтік желілерде адамның қайғы-қасіретін контент пен қаржылық пайда табу құралына айналдыру қоғамның ойлау жүйесіне кері әсер ететінін атап өтті.