Көшпенділер ойындары: Қазақстан құрамасы ат марафонының бірінші кезеңінде көш бастады

АСТАНА. KAZINFORM — VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында «Көчмөндөр жүрүшү» халықаралық ат марафонының алғашқы кезеңі аяқталды, деп хабарлайды Қырғызстандағы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ұйымдастырушыларынан

Жарыстың бірінші күнінде қатысушылар жалпы ұзындығы 300 шақырым болатын қашықтықтың 50 шақырымын бағындырды.

Бірінші кезең қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы көш бастады. Екінші орында Қырғызстанның «Ала-Тоо» командасы, үшінші орында Қырғызстанның «Ыстықкөл» командасы келеді.

Фото: Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ұйымдастырушыларынан

Алда қатысушыларға тағы 250 шақырым жол жүру керек.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында ұзындығы 300 шақырым болатын ат марафоны алғаш рет өткізіліп отыр.

Фото: Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ұйымдастырушылары

Еске салайық, Қазақстаннан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 150-ден астам спортшы қатысып жатыр.

Бүгін Қазақстан құрамасы аударыспақтан алғашқы екі алтын медаль еншіледі.

Бұған дейін қазақстандық Абзал Төлебеков жамбы атудан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы атанды. Сондай-ақ Нұрсұлтан Есімбай қола медаль жеңіп алды.

Сондай-ақ Қырчын жайлауында «Көшпенділер әлемі» этноауылы ашылғанын хабарлаған болатынбыз.