«Көшпенділер ойындары өткен кезде астаналықтардың кептелісте тұру уақыты қаншалықты ұзарады?» - деп сұрады журналист баспасөз мәслихатында.
Қайсар Сұлтанбаев бұл іс-шара кезінде елге өзге елдердің бірінші басшылары деңгейіндегі тұлғалар қатыспайтындықтан ШЫҰ саммиті кезіндегідей шектеулер болмайтынын айтты.
«Иә, 8-14 қыркүйек күндері Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу жоспарланып отыр. Яғни, көп спортшының келуін күтіп отырмыз, шамамен 3 мыңдай адам. Олардың бәрі осында тұрады, жарыстар да Астанада өтеді. Бұл сұрақты неге қойып отырғаныңызды түсінем. Жуықта ғана ШЫҰ саммиті өтіп, белгілі бір мәселелер болды. бірақ ол кезде арнайы күзетілетін мемлекет басшылары көп келген болатын. Бұл жолы ондай күзеті бар тұлғалар болмайды. Сондықтан көшелерді жабу, көлік кептелісі сияқты мәселелер болмайды деп ойлаймын», - деді Қайсар Сұлтанбаев.
Айтуынша, ойындарға қатысатын спортшыларды қала ішінде тасымалдау сызбасы әлі әзірленбеген.
«Ойындар жақындаған кезде сызбаны жасаймыз. Ол үшін келетін спортшылар қайда тұратынын айқындалуы керек. Соның негізінде сызба жасап, спортшыларды тасимыз. Ол үшін көшелерді жабудың қажеті жоқ деп ойлаймын», - деді комитет басшысы.