Министрлік өкілдерінің айтуынша, Көшпенділер ойындарының тұжырымдамасына сәйкес, жарыс қорытындысы бойынша елдер арасында ресми медаль және жалпыкомандалық есеп жүргізілмейді.
— Дүниежүзілік көшпенділер ойындары — ең алдымен этноспорт пен дәстүрлі спорт түрлерін сақтау, дамыту және кеңінен насихаттауға, сондай-ақ халықтар арасындағы мәдени байланыс пен достықты нығайтуға арналған халықаралық алаң. Ойындардың тұжырымдамасы мемлекеттердің жалпы рейтингтегі орын үшін бәсекесіне емес, ортақ тарихи-мәдени мұра төңірегінде елдерді біріктіруге негізделген. Сондықтан Ойындар қорытындысы бойынша мемлекеттер арасында жалпы медаль рейтингі жасалмайды, — деп мәлімдеді ведомство.
Еске сала кетейік, Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы 74 медальмен бірінші орын алған болатын. Қазақстандық спортшылар 32 алтын, 20 күміс және 22 қола медаль жеңіп алды.
Алайда кейін World Nomad Games 2026 ойындарының ресми Instagram парақшасында медаль есебінің басқа нұсқасы жарияланды. Онда Қырғызстан 30 алтын, 29 күміс және 13 қола медальмен бірінші орынға, ал Қазақстан 20 алтын, 16 күміс және 19 қола медальмен екінші орынға қойылған. Бұл нұсқада Қазақстанның медаль саны 10-ға аз көрсетілген.
Кейін аталған жазба Instagram парақшасынан өшірілді.
Осыдан кейін Қырғызстан тарапы ойындарда елдер арасындағы ресми медаль рейтингі мүлде жүргізілмейтінін мәлімдеді.