7 филиал жұмыс істейді
Соңғы бірнеше жылда елде әлемдік рейтингке кіретін бірқатар университеттің филиалы ашылды. Осы орайда шетелдік ЖОО филиалдарының арасында ресейлік университеттердің үлесі басым: өңірлерде көршіміздің жоғары оқу орындарының 7 филиалы жұмыс істейді: олардың базасында шамамен 4 мың студент оқиды, оның ішінде 1 мыңнан астамы мемлекеттік грант иегерлері.
Қазір Ресей білім экспорты бойынша әлемдегі ең ірі жеті орталықтың қатарында екені белгілі. Мұнда жыл сайын 170-тен астам елден студенттер келеді екен. Соған қарамастан еліміз Ресейдің негізгі серіктестерінің бірі әрі ғылым мен жоғары білім саласында тығыз байланыс орнатылған. Қазақстанның өзінде ресейлік зерттеушілермен бірге 200-ден астам ғылыми жоба жүзеге асырылып келеді.
Бұл үрдіс стратегиялық маңызды салалардағы кадр тапшылығын қысқартуға елеулі көмек болмақ. Мемлекет маңыз қойып отырған шикізат өндірісі, қорғаныс, IT бағыттарында ресейлік білім мен тәжірибе керек-ақ. Әсіресе мамандардың шетел аспай елдегі филиалдарда оқуы мәселені қысқа мерзімде шешері сөзсіз.
Экономика ғылымдарының докторы, профессор Аяпберген Таубаевтың сөзінше, ресейлік университеттердің филиалының ашылуы ЖОО-дағы білім сапасына айтарлықтай оң әсерін тигізуі мүмкін.
– Қазақстанда ашылған алғашқы шетелдік жоғары оқу орны – М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті. Қазіргі таңда елдегі 30-ға жуық шетелдік университет филиалының шамамен 20 пайызы Ресей оқу орындарына тиесілі. Бұл филиалдар тек ашылып қоймай, елімізде сұранысқа ие жаңа мамандықтар бойынша кадр даярлауға үлес қосып отыр. Осы арқылы Ресей ЖОО-ларының сенімді серіктес бола алатыны байқалады, – дейді ғалым.
Университет VS колледж: болашақ бағдар қайсы?
Ел аумағында алғаш ашылған ресейлік университет филиалы – М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне тиесілі. Құрылым Астана қаласында 2001 жылдан бері жұмыс істейді. 2022 жылы Президент тапсырмасы бойынша филиалға жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Мұнда математика, филология, экология, экономика мамандықтары оқытылуда. Жыл сайын бакалавриат бойынша 125, магистратура бойынша 40 грант бөлінеді. Түлектер отандық және әлемдік еңбек нарығында сұранысқа ие.
Кейінгі жылдары бейбіт атом саласында маңызды жобалар жүзеге асып жатыр, тарихтағы алғашқы АЭС-тің құрылысының басталуы да ел көз тіккен бастамаға айналды. Осы орайда Ресейдің жоғары білімді физиктерді даярлау әдістемесі ауадай қажет екені анық. Бұл міндетті солтүстіктегі көршіміздің Ұлттық зерттеу ядролық университеті – МИФИ филиалын ашу арқылы шешуге ұмтылыс байқалады. Бүгінде МИФИ-дің Алматыдағы филиалы жоғары өнімді есептеуіш жүйелер, ядролық физика және космофизика бойынша білім беруге кіріскен. 490 студент ядролық физика, лазерлік және плазмалық технологиялар, атом энергетикасы, нанотехнологиялар бағыты бойынша білім алуда.
Астана мен Алматы қалаларында ғана емес, өзге аймақтарда да бірлескен білім беру орталықтары бар. Мысалы, Байқоңырда Мәскеу авиациялық институтында зымырандық кешендер және космонавтика мамандықтарын игеруге болады. Жыл сайын мемлекет тарапынан Мәскеу авиациялық институтының филиалы үшін 45 білім беру грантына қаржы бөлініп, жүздеген түлек білім алып отыр.
Оған қоса И.М.Губкин атындағы РММУ-дың Атыраудағы филиалында ресейлікүлгідегі диплом алуға мүмкіндік бар. Мұнда мұнай-газ ісі, геологиялық барлау, химиялық технологиялар бойынша 100-ден астам студент оқып жүр.
Ал Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің Тараздағы филиалында химиялық технология, материалтану салалары бойынша білім берілсе, Челябі мемлекеттік университетінің Қостанайдағы филиалында құқықтану, менеджмент мамандарын даярлайды.
Жуырда Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалы ашылды. Ондағы оқу бағдарламалары дипломатия, экономика және жоғары технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект салаларының тоғысында жұмыс істей алатын жаңа форматтағы мамандарды даярлауға көңіл бөлінуде. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2025–2026 оқу жылында мұнда 60 студент бакалавриат бойынша, 40 студент магистратура бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысымен тегін оқуға мүмкінік алған. Сонымен қатар ақылы негізде 15 студент білім алуда.
7 филиалдың түлектеріне Ресей үлгісіндегі мемлекеттік диплом беріледі екен. Ол Ресей мен Қазақстанда бірдей жарамды. Талапкерлер білімді ақылы негізде де, білім беру гранттары (Қазақстан Үкіметінің гранттары немесе РФ квоталары) есебінен де алуға құқылы екенін айта кету керек.
«Ресей – Орталық Азия» аймақтық салыстырмалы зерттеулер орталығының жетекшісі Денис Борисовтың пайымынша, алдағы уақытта қос мемлекет кәсіптік-техникалық колледждерге басымдық беруі маңызды. Колледж филиалдарының көбеюі қысқа мерзімде маман даярлауға ықпал етуі ықтимал.
– Қазақстанда Ресей университеттерінің филиалдары да жұмыс істейді. Алайда мұнда маңызды бір жайтты ескеру қажет. Қазіргі таңда ауқымды өнеркәсіптік кооперация үшін тек жоғары оқу орындарына ғана сүйену жеткіліксіз. Орта кәсіптік білім берудің қуатты жүйесі қажет – техникалық мектептер, колледждер және нақты өндіріс орындарына бейімделген жұмысшы кадрларды даярлау. Нақты индустриялық тізбек осы деңгейде құралады, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, Ресейде колледждер мен техникумдар кәсіби жолды бастаудың әлдеқайда маңызды арнасына айналған. Аталған жүйені Қазақстанға да енгізген дұрыс.
– Бұл тәжірибе өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға басымдық беріп отырған Қазақстан үшін айрықша маңызды. Университеттерді, колледждерді және өндіріс саласын біртұтас кадр даярлау жүйесіне айналдыру арқылы нәтижеге жетуге болады. Келесі кезеңді осы мақсаттағы ортақ жобаларға беру керек деп санаймын, – дейді Денис Борисов.
Екіжақты байланыс
Қазақстан мен Ресей жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік жалғасуда. Жақында Қазақстан өз университетінің кампусын Ресейде ашқан алғашқы мемлекет атанды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Омбы қаласындағы филиалының ашылуына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен РФ Президенті Владимир Путин қатысқан болатын. Қазір Омбыдағы филиалда 68 студент оқып жатыр. Жастардың көбі ішкі грантты жеңіп алған.
Байқасақ, Ресейде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары сирек. Мұнда ЖОО саласындағы халықаралық ынтымақтастық бірлескен бағдарламалар, қос диплом жүйесі, білім беру орталықтары арқылы ғана жүзеге асады. Осы ретте Омбыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы толыққанды шетелдік жоғары оқу орны ретінде жұмысын бастауы – Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастық деңгейін көрсетсе керек.
Білім іздеп солтүстікке аттанатын ел азаматтары да аз емес. Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегіне сенсек, 60 мың қазақстандық студент Ресейдің жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Көбі Орынбор мемлекеттік медицина университеті, Новосібір мемлекеттік техникалық университеті, Томск ұлттық зерттеу мемлекеттік университеті, Томск басқару жүйелері және радиоэлектроника мемлекеттік университетін таңдайды екен. Жастардың мұндай құлшынысына ондағы қолжетімді оқу ақысы, ғылыми база, заманауи инфрақұрылым себеп болып отыр.
– Қазақстан мен Ресей жоғары оқу орындары арасында 1910 келісім жасалған. Осы келісімдер аясында 2025 жылы оқытушылық қызметке Ресейден 274 маман тартылып, 21 ғылыми жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар 91 қос дипломды білім беру бағдарламасы мен 27 бірлескен білім беру бағдарламасы іске асырылып келеді. Академиялық ұтқырлық аясында Қазақстанға Ресей Федерациясының 431 азаматы келсе, Қазақстаннан Ресейге 774 студент білім алуға барған, – делінген министрліктің ресми ақпаратында.
Ресей Білім министрлігінің дерегінше, қазақстандық талапкерлер негізінен инженерия, әлеуметтік ғылымдар, педагогика, медицина, математика және жаратылыстану бағыттарын таңдайды. Бұл мамандықтар оқуға түсушілер арасында ең көп сұранысқа ие.
Жыл сайын Ресей үкіметі Қазақстан азаматтарына арналған білім беру квотасын тағайындайды. Биыл квота саны 800 грантқа дейін артқан. «Россотрудничествоның» Астанадағы өкілдігінің мәліметінше, биыл қазақстандықтар тарапынан білім алуға қатысты 3000-ға жуық өтінім түскен. Басым дені IT, халықаралық қатынастар және әскери бейіндегі білім беру бағыттарына ынта білдіріпті.