Астанада Qazaq Creative Hub алаңында Креативті индустрияларды дамыту қоры жүзеге асырып жатқан Creative Aimaq республикалық жобасы аясында Қостанай облысының креативті жәрмеңкесі аяқталды.
Іс-шара барысында «Алтын домбыра» сыйлығының иегері, айтыс ақыны Айбек Қалиевпен кездесу өтті. Айтыскердің жеке домбырасы, ұлттық музыкалық аспаптар және Қостанай өңірінен шыққан көрнекті тарихи тұлғаларға арналған экспозиция таныстырылды.
Бағдарлама аясында қостанайлық дизайнерлердің этнотоптамалары көрсетіліп, Нью-Йорктегі MobFilm Festival халықаралық кинофестивалінің финалисі атанған «Қалам» мобильді фильмі таныстырылды. Келушілер өңір жастарының заманауи техникалық жобаларымен және Қазақстандағы алғашқы студенттік болидпен танысты.
Жәрмеңкеде еліміздегі алғашқы фольклорлық-этнографиялық ұжымдардың бірі «Шертер» ансамблі өнер көрсетті. Ұжымның орындауындағы халық күйлері мен әндері ұлттық өнердің айрықша болмысын танытты.
Айта кетейік, іс-шараға 1320 адам қатысты. Жәрмеңке барысында креаторлардың авторлық өнімдері 4 миллион 414 мың теңгеге сатылды.
Бұған дейін Астанадағы «BaiQymyz» байқауының жеңімпаздары белгілі болды.