Қостанай мен Солтүстік Қазақстанды жалғайтын 43 шақырым жол жаңартылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысында 43 шақырым республикалық маңызы бар автожол орташа жөндеуден өтті, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол» ҰК баспасөз қызметі.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Қостанай облысында республикалық маңызы бар KAZ18 «Қостанай — Мамлютка» автомобиль жолының жалпы ұзындығы 43 шақырымды құрайтын екі учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары аяқталып, жол пайдалануға берілді.

Аталған автожол Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары арасындағы көлік қатынасын қамтамасыз етіп, жолаушылар мен жүк тасымалында маңызды рөл атқарады.

— Жөндеу жұмыстары Ұзынкөл кентінен Ершовка ауылына дейінгі 250–267-шақырымдар аралығындағы 17 шақырымды және Нечаевка кентінен Тобыл қаласына дейінгі 380–406-шақырымдар аралығындағы 26 шақырымды қамтыды. Жұмыс барысында ескі асфальтбетон жабыны жонылып, жол негізі жаңа материалдар қосу арқылы суық жону (ресайклинг) әдісімен өңделді. Одан кейін асфальтбетон жабынының төменгі және жоғарғы қабаттары төселді. Сонымен қатар жол жиектері нығайтылып, жол таңбалары сызылды және жаңа жол белгілері орнатылды, — делінген хабарламада.

Жөндеу жұмыстарына сағатына 120 тонна өнім өндіретін асфальтбетон зауыты тартылды. Жобаға 31 жол-құрылыс техникасы мен 36 маман жұмылдырылды.

Нәтижесінде 43 шақырым жол жабыны жаңартылып, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға және жүргізушілерге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік туды.

Бұдан бұрын Алматы облысында жүк көліктері енді айналма жолмен жүрмейтінін жазғанбыз.