Қостанай облысы әкімінің орынбасарының ұсталғаны расталды

Фото: Қостанай облысы әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қостанай облысы әкімінің орынбасарына қатысты ақпаратты растады.

ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазинаға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін бұл ақпарат бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған болатын. Кей деректерде оның қамауға алынғаны айтылған. Ашық дереккөздерде облыс әкімі орынбасарының аты өңірдегі денсаулық сақтау саласындағы резонансты қылмыстық іспен байланыстырылған.

Атап айтқанда, Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Данияр Жандаев, оның орынбасары Ерболат Доспанов және Қарасу аудандық ауруханасының бас дәрігері Владимир Голубевке қатысты қамау шарасы қолданылғаны хабарланған еді.

Оларға медициналық ұйымдар үшін жабдықтарды мемлекеттік сатып алу барысында сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне қатысы бар деген күдікпен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар Сот кабинеті порталында істің Қостанай қаласының тергеу сотына түскені туралы ақпарат пайда болған.

Еске салайық, бұған дейін Қостанай облысының прокуратурасы өңірдің денсаулық сақтау саласындағы бюджет қаражатын жымқыру көлемі 2 млрд теңгеден асқанын мәлімдеген. Тергеу нұсқасына сәйкес, медициналық ұйымдар қажет етілмейтін жабдықтарды негізсіз жоғары бағамен сатып алған.