Қазандықтарды жаңғыртуға 1,4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді
Жалпы алғанда, коммуналдық шаруашылық нысандарының орташа дайындық көрсеткіші – 66%. Жоспарға сәйкес жылу желілерін жаңғырту қарастырылған. Қазіргі таңда 29,4 шақырымның 19,9 шақырымы жөнделсе, бұл жоспардың 68%-ын құрайды.
Сонымен қатар 112 қазандықтың 87-сі тексерістен өтті.
«Жұмыстарға жабдықтарды профилактикалық тексеру, тозған элементтерді ауыстыру, сондай-ақ қазандықтарды күзгі-қысқы жүктемеге дайындау кіреді», – деді ведомстводағылар.
Отын қорын жасақтауға айрықша назар аударылып отыр. Жалпы қажеттілік 431,4 мың тонна болса, соның 194,8 мың тоннасы жеткізілген (дайындық деңгейі – 45,1%).
Бұған қоса, қазандықтар қоймаларында 11,9 мың тонна мазут бар.
Жылу желілерін жөндеуге, қазандықтарды жаңғыртуға және жабдық сатып алуға облыстық бюджеттен 1,4 млрд теңге, республикалық бюджеттен 249,2 млн теңге бөлінді. Биыл екі блок-модульді қазандық пен екі жаңа қазандық алу қарастырылған. Бұл жылу көздеріндегі апаттарды азайтып, халықты үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Басқарманың мәліметінше, жылыту маусымына дайындық жұмыстарының кешігу қаупі жоқ.
Жаңа маусымда 19 ЖЭО жылумен қастамасыз етеді
Биыл қаладағы шағын қазандықтар цехының құрылымы өзгерді. Бұған дейін жеке иелікте болған үш қазандық («Алтын Арман 2020» ЖШС, «Rich Групп-2022» ЖШС және «БМК Береке» ЖК) жылу компаниясының қарамағына өтті. Соның нәтижесінде қосымша 4 299 абонент мемлекеттік кәсіпорын қызметін алады.
Жаңа маусымда жылумен 19 жылу көзі қамтамасыз етеді. Оның ішінде – орталық ЖЭО (тозу деңгейі – 66%), ЖЭО-2 (53%), №3 қазандық (56%) және шағын қазандықтар цехы (16 нысан, тозу деңгейі – 34%) бар. Өндірістік қуаттылық 71,1%-ға жүктелген.
Бұдан бөлек, екі мектеп қазандығы және бір жеке қазандық жұмыс істейді.
Қаланың жылу желілерінің ұзындығы – 256,3 шақырым, тозу деңгейі – шамамен 60%. Биыл жөндеуге 3,1 млрд теңге бағытталды, оның 2,3 млрд теңгесі – бюджет қаражаты. Қазір 10 ірі жоба іске асырылып жатыр. Олардың қатарында:
ЖЭО мазут шаруашылығын жаңғырту;
экологиялық мониторинг жүйесін енгізу;
басты бу құбырының реконструкциясы;
қазандықтар мен ғимарат шатырларын күрделі жөндеу;
орталық ЖЭО-ның қасбетін қала дизайн-кодына сай жаңарту жұмыстары бар.
Жұмыстардың шамамен 80%-ы аяқталды. Алайда алты магистральдық желіні реконструкциялау жобасы (6 млрд теңге) қаржыландырылмай қалды. Сондай-ақ басты бу құбырын жөндеу жобасы тек 10%-ға ғана қаржыландырылған.
Газ бағасының өсуіне байланысты кәсіпорын 2026-2030 жылдарға арналған тарифті қайта қарауға өтініш берді. Жоспарланған өсім – 41,8%. Жақын айларда уақытша тариф те көтеріледі – 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап 8%-ға өседі.
Жылу және ыстық су үшін берешек - 981 млн теңге
Қысты тұрақты өткізу үшін 7 341 тонна мазут пен 407 тонна дизель отыны резервке қойылды. Кәсіпорын арнайы техника паркін толықтырып, қазандықтар мен желілерге жаңа жабдық сатып алды.
Ал қарыз мәселесіне келсек, жылу және ыстық су үшін берешек 981 млн теңгені құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 21%-ға аз. Оның басым бөлігі – тұрғындардың қарызы (623 млн теңге) және бірқатар ірі кәсіпорындардың берешегі. Биылдың өзінде 6 мыңнан астам хабарлама жіберілген.
Қазіргі таңда нысандардың тек 31%-ы ғана қысқа дайындық актісін алған. Алдыңғы қатарда – мектептер мен медицина мекемелері. Дегенмен, тұрғын үйлер мен жеке кәсіпкерлерге қатысты жұмыс қарқындатуды қажет етеді.
Еске салайық, Премьер-Министр Олжас Бектенов өңірлердің жылыту маусымына дайындығы бойынша әкімдердің жұмысын сынға алған болатын.