Қостанай облысында 14,2 шақырымдық су бұру каналы салынып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM- Қостанай облысында көктемгі су тасқынына дайындық аясында алты гидротехникалық нысанды реконструкциялау және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қарасу ауданында ұзындығы 14,2 шақырым болатын су бұру каналының құрылысы жалғасып жатыр. Өңірдегі су шаруашылығын дамыту және елді мекендерді су басудан қорғау мәселелері Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің Қарабалық ауданы тұрғындарымен кездесуінде талқыланды.

Фото: ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі

Министр жұмыс сапары аясында азаматтарға ведомствоның өңірдегі су саласын дамыту бағытында атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндады.

Жангелдин ауданындағы «Албарбөгет» бөгетін реконструкциялау аяқталды. Жоба жақын маңдағы елді мекендерді су басудан қорғауға және мал шаруашылығын жемшөппен қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар Су шаруашылығы комитеті алты су қоймасын реконструкциялау жобаларын әзірлеп жатыр. Олардың қатарында өңірдегі ең ірі Жоғарғы Тобыл және Қаратомар су қоймалары бар.

Бұл екі нысанда автоматтандырылған бақылаудың пилоттық жүйесі де енгізіліп жатыр. Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жоба су қоймаларының техникалық жай-күйін бақылауға және су тасқыны кезінде қажетті шараларды уақтылы қабылдауға бағытталған.

Елді мекендерді су басудан қорғау үшін төрт су қоймасында жергілікті хабарлау жүйелері орнатылды. Бұдан бөлек, жақын уақытта Тобыл, Шортанды және Торғай өзендерінің жекелеген учаскелерін тазалау жоспарланып отыр.

-Біздің мақсатымыз – су тасқынының салдарын жоюға ғана емес, оның алдын алуға да бағытталған орнықты жүйе қалыптастыру. Ол үшін басталған жобаларды уақытылы аяқтау, гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін тұрақты бақылау және әрбір нысанның тиісті деңгейде пайдаланылуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл жұмыстардың түпкі нәтижесі – елді мекендер мен жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ өңірдің су шаруашылығы инфрақұрылымының сенімділігін арттыру. Осы міндеттерді орындау үшін орталық және жергілікті атқарушы органдардың, бассейндік су инспекциясының, «Қазсушар» РМК-ның және су пайдаланушылардың үйлесімді жұмысы маңызды, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Кездесу барысында Қарабалық ауданының тұрғындары министрге Тоғызақ өзенінің арнасын тереңдету, су қорғау аймақтарын белгілеу және су құбырларын реконструкциялау мәселелері бойынша сұрақтар қойды.

Бұдан кейін Нұржан Нұржігітов азаматтарды жеке қабылдап, жерасты суын игеру және суару мақсатында пайдалану, сондай-ақ арнайы су пайдалануға рұқсат алу мәселелері бойынша сұрақтарға жауап берді. Кездесу қорытындысы бойынша жауапты комитеттер мен департаменттердің басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Осыған дейін су тұтыну есебі цифрлық жүйеге көшетіні туралы жаздық.