Су тұтыну есебі цифрлық жүйеге көшеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда су шығынын бақылау, құбырлардағы ақауларды дер кезінде анықтау және коммуналдық төлемдердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін цифрлық жүйелер енгізіліп жатыр.

Су тұтыну есебі цифрлық жүйеге көшеді
Фото: Kazinform\ЖИ

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері мәлімдеді.

Цифрландырудың негізгі құралдарының бірі — Smart Turmys платформасы. Ол абоненттер, су тұтыну көлемі және коммуналдық төлемдер туралы мәліметтерді біріктіреді.Бұл кәсіпорындардың жұмысын оңтайландырып, тұрғындарға есеп айырысу туралы ашық ақпарат алуға мүмкіндік береді.

— Ұлттық жоба аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрлық трансформациялауға бағытталған бірыңғай Smart Turmys платформасы құрылып жатыр. Бірінші кезеңде 25 қаладағы 32 сумен жабдықтау кәсіпорны автоматтандыру және есепке алу құралдарын енгізу үшін жалпы сомасы 54 млрд теңгеге өтінім берген. Оның ішінде жалпы құны 12 млрд теңге болатын сегіз өтінім бойынша мердігерлермен келісімшарт жасалды. Тағы жеті өтінім бойынша конкурстық рәсімдер жүріп жатыр. Олардың жалпы құны — 17 млрд теңге, — деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков.

Цифрландыру жұмыстары басқа 62 су арнасы кәсіпорнында да жүргізілуде. Жаңа жүйелер су шығыны мен желілердегі қысымды бақылауға, жабдықтардың жұмысын қадағалауға мүмкіндік береді. Соның арқасында су ағуын ерте анықтап, апаттық жағдайларға жедел әрекет етуге болады.

Айта кетейік, Түркістан облысында шаруаларды су үнемдеуге үйрететін «Су мамандары мектебі» құрылады.