Қостанай облысында әкесі мен қызы Тобыл өзеніне батып кетті

АСТАНА. KAZINFORM — Екі күнге созылған іздестіру-құтқару жұмыстарының нәтижесінде, Қостанай облысының Нечаевка ауылы маңындағы Тобыл өзенінен ер адам мен кәмелетке толмаған қыздың денесі табылды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің тілшісі жазды.

Видеодан алынған кадр

Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бірінші күні сүңгуір-құтқарушылар кәмелетке толмаған қыздың денесін тауып, судан алып шыққан. Ер адамды іздеу жұмыстары келесі күні жалғастырылды. Нәтижесінде оның да денесі табылып, судан шығарылды.

Екі күн ішінде құтқарушылар Тобыл өзенінің жағалауындағы шамамен 2,5 шаршы шақырым аумақты жаяу тексерді. Ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен 12 гектарға жуық аумақ әуеден бақылауға алынды. Ал сүңгуірлер су айдынының 39 мың шаршы метр түбін тексерді.

Іздеу жұмыстарына полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, еріктілер мен жергілікті тұрғындар да қатысты.

Әлеуметтік желілерде қайғылы жағдайда әкесі мен қызының қаза болғаны туралы ақпарат тарады.

Бұған дейін ШҚО-да жаз басталғалы 10 адам суға кеткенін жаздық.