Қостанай облысында бруцеллез жұқтырған малды союдан бас тартқан шаруа қожалығы сотқа тартылды

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM - Қостанай облыстық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, заңбұзушылық Денисов ауданында анықталған. Зертханалық зерттеулер шаруа қожалықтарының біріне тиесілі ірі қара малдан бруцеллез ауруын анықтаған.

Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

Зерттеу нәтижелерін алғаннан кейін ветеринариялық-санитариялық инспектор ауру малды санитариялық союға жіберу, сондай-ақ мал ұсталған қора-жайларды тазарту туралы нұсқама берген.

Алайда белгіленген мерзімде шаруа қожалығы бұл талаптарды орындамаған. Осыған байланысты Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Денисов аудандық аумақтық инспекциясы сотқа жүгінген.

Сот талқылауы барысында ауру жұқтырған малды ұстау ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікке қатер төндіретіні анықталды. Сонымен қатар жауапкер зертханалық зерттеу нәтижелерін жоққа шығаратын немесе нұсқаманың орындалғанын растайтын дәлелдер ұсынбаған.

Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты талап арызды толық қанағаттандырды. Сот шаруа қожалығына бруцеллез жұқтырған малды санитариялық союға жіберуді және қора-жайларды санитариялық тазартуды міндеттеді.

Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Ақтөбеде биыл екі мыңнан астам ірі қара малдан бруцеллез анықталды.