Қостанай облысында көлге шабақ жібермеген кәсіпкер келісімшартынан айырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы көлдердің бірінде балық шаруашылығын жүргізуге кәсіпкермен жасалған келісімшарт сот шешімімен бұзылды. Бұған оның балық қорын көбейту және қорғау жөніндегі міндеттерін жүйелі түрде орындамауы себеп болған.

Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының мәліметінше, кәсіпкерге қатысты талап арызды Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы берген.

Сот отырысында кәсіпкердің келісімшарт талаптарын жүйелі түрде бұзғаны және 2023–2027 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту жоспарында көзделген шараларды орындамағаны анықталды. Атап айтқанда, 2024 жылдан бері көлге шабақ жіберілмеген. Бекітілген жоспарға сәйкес, кәсіпкер су айдынын 5,5 мың шабақпен толықтыруға міндетті болған.

Бұдан бөлек, балық қорының жай-күйіне қажетті зерттеулер жүргізілмеген, ал міндетті есептілік толық көлемде ұсынылмаған.

Сот су айдынын балық шаруашылығын жүргізуге беру кәсіпкерге тек балық аулау құқығын емес, сонымен қатар балық қорын молайту, қорғау және оны ұтымды пайдалану міндетін де жүктейтінін атап өтті.

Бұл талаптардың орындалмауы балық шаруашылығының тұрақты дамуына кедергі келтіреді.

Істі қарау қорытындысы бойынша сот бассейндік инспекцияның талабын толық қанағаттандырып, кәсіпкермен балық шаруашылығын жүргізу жөніндегі келісімшартты бұзды.

Еске салайық, бұған дейін Павлодарда Ертіс өзеніне 460 мыңға жуық сазан мен тұқы шабағы жіберілетіні хабарланған еді.