Қостанай облысында жыл басынан бері 15 миллионнан астам ағаш отырғызылды

АСТАНА. KAZINFORM — Жылдық жоспарды орындау үшін өңірде тағы 4,2 миллион көшет отырғызу қажет. Бұл туралы Kazinform агенттігінің тілшісі хабарлады.

Фото: резерват «Ертіс орманы»

2021–2027 жылдарға арналған кешенді жоспарға сәйкес, Қостанай облысында 17,2 мың гектар аумаққа 113,2 миллион көшет отырғызу көзделген. 2021–2024 жылдары өңірде 11,1 мың гектар жерге 71,3 миллион ағаш егілген.

Қостанай облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, 2026 жылы 2 781 гектар аумаққа 19,3 миллион көшет отырғызу жоспарланған.

Жұмыстың негізгі бөлігі дәстүрлі түрде көктемде атқарылды. Осы кезеңде өңірде 1 745,9 гектар жерге 12,9 миллион көшет отырғызылған.

Күзде тағы 1 035,1 гектар аумаққа 6,4 миллион көшет егу жоспарланған. Жұмыстар қазан айында басталды. 19 қазандағы мәлімет бойынша, 393 гектар жерге 2,2 миллион көшет отырғызылған.

Осылайша, 2026 жылдың басынан бері Қостанай облысында барлығы 15,1 миллион ағаш көшеті егілді. Жылдық жоспарды орындау үшін тағы 4,2 миллион көшет отырғызу қажет.

Өңірде 10 орман тәлімбағы жұмыс істейді

Орманды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін облыста сегіз уақытша және екі тұрақты тәлімбақ жұмыс істейді. Мұнда қайың мен қарағай көшеттері өсіріледі.

Күзгі түгендеу нәтижесі бойынша, өңірдің өз тәлімбақтарынан 3,3 миллион көшет алу жоспарланған. Сонымен қатар 3,384 миллион көшет сатып алу көзделген. Оның ішінде 2,526 миллионы — қайың, 857,4 мыңы — қарағай көшеттері.

Қазіргі уақытта сатып алынған көшеттердің 1,074 миллионы өңірге жеткізілген. Қалған көшеттерді жеткізу жұмыстары жалғасып жатыр.

Бұдан бөлек, 1 қыркүйек пен 10 қазан аралығында облыстың орман мекемелері орман алқаптары мен көшет тәлімбақтарына түгендеу жүргізді. Мамандар бұрын отырғызылған ағаштардың жай-күйін, орманды қалпына келтіру жұмыстарының тиімділігін және отырғызылатын материалдың сапасын бағалап, қурап қалған ағаштарды анықтады.

Бұған дейін ШҚО-да 2 млрд ағаш егу жоспары қалай орындалып жатқанын жаздық.