Қостанай облысындағы мәслихат сайлауына 800-ден астам кандидат қатысады

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлауға кандидаттарды тіркеу аяқталды. 264 депутаттық мандатқа 807 кандидат үміткер болып отыр. Бұл туралы облыстық сайлау комиссиясы мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Фото: Алматы әкімдігі

Өңір аумағында 716 сайлау учаскесі құрылды. Барлығы 264 мәслихат депутаты сайлануы тиіс. Оның ішінде 32 депутат Қостанай облыстық мәслихатына өтеді. Олардың 16-сы партиялық тізім бойынша, тағы 16-сы бірмандатты сайлау округтері арқылы сайланады.

Ал аудандық және қалалық мәслихаттарға бірмандатты округтер бойынша 232 депутат сайланады.

Күнтізбелік жоспарға сәйкес, кандидаттарды тіркеу 1 қараша күні сағат 18:00–де аяқталды.

Партиялық тізімдер бойынша сайлауға бес саяси партия қатысуға жіберілді. Барлығы 62 кандидат тіркелген:

  • Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы — 10 адам;

  • «Respublica» партиясы — 6 адам;

  • Қазақстан Халық партиясы — 5 адам;

  • «Ауыл» партиясы — 8 адам;

  • «Әділет» партиясы — 33 адам.

248 бірмандатты сайлау округі бойынша бастапқыда 749 кандидат ұсынылған. Олардың біреуін тіркеуден бас тартылса, тағы үшеуі өз өтінішімен кандидатурасын алып тастаған.

Осылайша, бірмандатты округтер бойынша 745 кандидат тіркелді. Оның 248-і саяси партиялар атынан ұсынылса, 497-сі өзін-өзі ұсыну тәртібімен сайлауға қатысады.

Жалпы, Қостанай облысы мәслихаттарының депутаттығына партиялық тізімдегілерді қоса алғанда, 807 кандидат тіркелді.

Еске салайық, осыған дейін Павлодар облысында мәслихат депутаттығына 529 кандидат тіркелгенін жазған едік.

Сондай-ақ, мәслихат сайлауын өткізуге қанша қаражат бөлінетіні белгілі болды.