Қостанай облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Гүлім Досымова айтқандай, қызылша ауруын жұқтырғандар өңірдің 4 ауданында тіркелді.
«2018 жылғы 25 қаңтардағы жағдай бойынша, Қостанай облысында 17 адам қызылшамен ауырған. Оның ішінде 12 жағдайды зертхана мамандары толықтай растады. Тағы 2 адам эпидемиологиялық жағдайларға байланысты, ал 3 адам жұмыс барысында жұқтырған. Қызылша ауруы Қостанай қаласы мен Қостанай, Денисов және Жітіқара аудандарында тіркелді», - деді Г.Досымова.
Белгілі болғандай, екі жасқа дейінгі 10 бала қызылша жұқтырып алған. Тағы бір айта кетерлігі, ауру жұқтырған 11 адам әлі екпе жасатпаған. Ал екі адам екі мәрте егілсе, төрт адам вакцинация туралы мәлімет алмаған.
«Эпидемиологиялық тексеру кезінде қызылшамен ауырған 6 адам Астана мен Ақтөбе қалаларында тұрғаны анықталды. Аталған аумақтарда эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр, ауру жұқтырғандармен байланыста болған адамдарға бақылау орнатылды. Барлығы 231 адам қаперге алынды», - деді Г. Досымова.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қостанайда жыл басынан бері мектеп жасына дейінгі балалар арасында қызылша ауруының алты оқиғасы анықталды.