Оқиға Қарабалық ауданының орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің ауласында болған. Полиция аға тергеушісі майор Иван Шевченко мұнда отбасымен бірге серуендеп жүрген кезде көмек сұрап айқайлаған әйелдің даусын естиді. Ол көмекке келіп, кішкентай қыз бен оның жанындағы анасын көреді. Әйел қызының кәмпитке қақалып, тыныс ала алмай жатқанын түсіндірген.
Полицей баланы анасынан алып, басын төмен қаратып, тізесіне жатқызады және жауырыны тұсынан жеңіл соққы беріп, кәмпитті тыныс алу жолдарынан шығарып алған. Ол жолдан өтіп бара жатқан көлікті тоқтатып, қызы мен анасын аудандық ауруханаға жіберген.
«Бірнеше жыл бұрын менің ұлым да кәмпитке шашалып қалды, бірақ мұндай қиын жағдайға тап болмадық. Мен сол кезде балаға қандай көмек беру керектігін оқыған едім. Сондай-ақ, алғашқы медициналық көмек беру әдістерін ведомстволық оқуларда да оқыдық. Сондықтан, қалай әрекет ету керектігін білдім. Мамандығымыз солай болғандықтан, абдырауға болмайды», - дейді полицей Иван Шевченко.
Қазір баланың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.