Меңдіқара ауданы Михайловка кентінде бірі кәмелетке толмаған екі қыз баланы жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген 27 жастағы жергілікті тұрғын және оның 18 жастағы жолдас қызы ұсталды. Жәбірленушілерді олар өз үйлерінде ұстаған, ұрып-соққан. Олар алдын ала клиенттермен келісіп, қыз балаларды Қостанайға алып келген.
Полицейлер күдіктілердің пәтерінен пневматикалық тапаншаны, клиенттердің тізімдері сақталған ұялы телефондарды тәркіледі. Күдіктілерге қатысты екі қылмыстық іс қозғалды.
Сондай-ақ, жедел қызметкерлер сауналар мен моншаларда рейд жүргізді. Рудный қаласында 40 жастағы клиентке 29 жастағы қыз баланы 5 мың теңге ақшалай сыйақыға жыныстық қызмет көрсету үшін пайдалануға берген саунаның әкімшісі ұсталды. «Жеңгетайлық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осыған ұқсас жағдай Қостанай қаласында тіркелді, деп хабарлайды ІІД баспасөз қызметінен.