Қостанай орманы: Қалпына келтіру қарқыны қалай

АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай облысында соңғы бес жылда 88 млн-ға жуық ағаш көшеті отырғызылды. Оның 56 пайызы тамыр жайған. Өңір орманшылары өрт пен су тасқынынан зардап шеккен алқаптарды қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының «ECO Аудит» бағдарламасында айтылды.

Фото: видеодан алынған скрин

Жыл сайын 32 тонна қарағай бүршігі жиналады

Жыл сайын қарашаның суығында – алғашқы аяздан кейін арнайы бригадалар орман-тоғайға аттанады. Қолдарында – асау ұстайтын құрықтай ұзын сырық. Онымен әр бұтақтың басын қармап, сүйелдей қарақотырланып тұрған бүрлерді біртіндеп үзіп түсіреді.

Фото: видеодан алынған скрин

Қостанай облысының орманшылары жыл сайын шамамен 32 тонна қарағай бүршігін жинайды. Осылайша, үлкен орманның тарихы бір түйір тұқымнан басталады. Жиналған шикізат арнайы темір астауларға салынып, кептіріледі. 50-55 градус температурада бір тәулік жатқан соң, бүршіктердің қауашағы ашылады. Одан кейін барабанға салынып шайқалады және тұқым қауызынан ажыратылады.

Фото: видеодан алынған скрин

– Екі барабаннан өткеннен кейін тұқым қауызынан ажырайды. Бірақ оның қанат тәрізді жұқа ұлпасы қалады. Одан арылту үшін арнайы аппаратқа саламыз. Кейін сепараторда тұқым ірі-ұсақтығына қарай екшеледі. Жеңіл, іші бос дәндер сүзіліп, жарамсыздары алынып тасталады. Содан соң тұқым сапасын тексеріп, класын анықтау үшін селекциялық орталыққа жіберіледі. Нәтижесіне қарай шыны құтыларға салынып, қараңғы қоймада сақталады, – дейді Арақарағай орман шаруашылығының инженері Иван Комаров.

Бір тәлімбақта 2,6 млн көшет өсірілген

Тұқым дайын болған соң оны топыраққа сеуіп, көшет өсіру жұмысы басталады. Қазір Қостанай облысында 10 орман питомнигі бар. Оның екеуі тұрақты, сегізі уақытша тұқымбақ саналады. Жалпы аумағы – 77,5 гектар. Осы алқаптардан жыл сайын 10-14 млн түп қарағай мен қайың көшеті алынады.

Фото: видеодан алынған скрин

Солардың бірі – Арақарағай орман шаруашылығының питомнигі. Мұндағы 3,5 гектар алқапта екі жылдық қарағай көшеттері жайқалып тұр. Қылқаны қалың, біркелкі өскен. Бұл – топырақты дұрыс дайындау мен тұрақты күтімнің нәтижесі.

– Бұл – тың жер. Екі жыл бұрын өңделіп, алғаш рет тұқым себілді. Бұған дейін 4,5 гектар питомнигіміз болған, кейін осы алқапты қосып, аумағын кеңейттік. Нәтижесінде екі жылда 2 млн 640 мың түп қарағай көшеті дайын болды. Өнімнің сапалы шығуына тұщы судың да әсері бар деп ойлаймын. Сорғы станциясынан су тартып, жаңбырлатып суару қондырғылары арқылы тұрақты суарамыз, тыңайтқыш береміз. Жаз бойы сегіз әйел осы жерде жұмыс істеп, арамшөптен тазартып, күтім жасады. Алқаптың осындай таза әрі ұқыпты болуы – солардың еңбегі, – дейді Арақарағай орман шаруашылығының орман өртін сөндіру станциясының бастығы Андрей Жиляев.

Көшеттерді қазып алғаннан кейін тамыры кеуіп кетпей тұрып, орманға жеткізіп отырғызу қажет. Сондықтан Арақарағай орманшылығы бұл жұмысты механикаландырған.

Фото: видеодан алынған скрин

Көшеттерді қазып алғаннан кейін тамыры кеуіп кетпей тұрып, орманға жеткізіп отырғызу қажет. Арақарағай орманшылары бұл жұмысты да механикаландырған.

2 млрд ағаштың 113 миллионы Қостанайда егіледі

Мемлекет басшысының 2 млрд ағаш отырғызу тапсырмасы аясында Қостанай облысына 113 млн-нан астам ағаш отырғызу міндеті жүктелген. Қазір бұл жоспардың 77 пайызы орындалған. Белгіленген межеге жету үшін биыл күзде және келесі көктемде де көшет отырғызу жұмыстары жалғасады.

Қайың көшетін өсіретін өңірдегі жалғыз тұрақты тұқымбақ – Пригородный орман шаруашылығында. Мұнда ауыспалы егіс жүйесі енгізілген. Жер үш бөлікке бөлініп, әр алқап кезекпен тынықтырылады.

Мамандардың айтуынша, жерді жыл сайын үздіксіз пайдаланбай, бір жыл тынықтыру оның құнарын сақтап, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Осы әдістің нәтижесінде төрт гектар алқаптан жыл сайын 1 млн 400 мың түп қайың көшеті алынады.

– Жаңа отырғызылған көшеттер үсіп қалмайды. Тамыры жер астында жатады. Қыста тынығып, көктемде қайта бүр жарып, өсе бастайды. Ал қанша көшет көктеп шығатыны ауа райына, күзгі салқынға және қардың түсуіне байланысты. Қар неғұрлым қалың болса, көшет те соғұрлым жақсы қорғалады, – деді Пригородный орманшылығының басшысы Қуаныш Шаяхметов.

Аманқарағай орманының жарасы әлі жазылған жоқ

Қостанай облысындағы Әулиекөлдің ең әдемі әшекейі – Аманқарағай орманы еді. Күре жолдың қос қапталында сіресіп тұратын қалың ну қазір жоқ. Жалмауыз өрт оның да түбіне жетті.

2022 жылы алапат өрт Аманқарай орманының дәл түбіндегі Озерный ауылын да айналып өтпеді. Бір көшенің бойынша 3-4 үй мен Семиозер орманшылығының кеңсесі өртеніп кеткен. Қырық жыл бойы пайдаланылған ескі ғимараттың орнына қазір жаңа кеңсе салынған. Мұнда орман өртін бақылау мен оған жедел әрекет етуге арналған жабдықтар орнатылыпты. Радиооператор бөлмесінде телефон мен рация бар. Бақылау камераларынан түсетін кескіндер үлкен экраннан көрсетіледі. Жалпы, орман шаруашылығы аумағында төрт камера жұмыс істейді.

Фото: видеодан алынған скрин

Өрт Семиозер орман шаруашылығының кеңсесін ғана емес, оның қарамағындағы 25 мың гектарға жуық орманды да жалмады. Жеті күнге созылған өрт жалпы 40 мың гектардай жасыл алқапты күлге айналдырды.

Дегенмен орманды қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. 2024 жылы отырғызылған қарағай көшеттерінің жағдайы жаман емес. Мамандар олардың жерсіну көрсеткіші 83 пайызға жеткенін айтады. Мұның бір себебі – көшеттердің тұқымы осы өңірдегі қарағайлардан жиналған. Алдымен жергілікті тұқым орман шаруашылығының өз тұқымбағында екі жыл өсіріліп, кейін қайтадан осы алқапқа отырғызылған.

Қостанай облысының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Қымбат Чайпарованың айтуынша, жол бойындағы 4,3 гектар аумаққа төрт мың түп көшет егілген. Олардың арасында қарағай да, қайың да бар.

Фото: видеодан алынған скрин

Ал өрттен аман қалған ағаштардың барлығын бірдей кесіп тастамайды. Мамандар алдымен олардың жай-күйін тексереді. Егер ағаштың ұшар басындағы қылқаны мен бүршіктері сақталса, оны кесуге асықпайды. Көктемде мұндай ағаштар қайта бүр жарып, өсуін жалғастыруы мүмкін.

– Ағаштың ұшар басындағы қылқаны мен бүршіктерінің сақталғанына қараймыз. Егер қылқаны мен бүршіктері аман болса, ондай ағаштарды кеспейміз, орнында қалдырамыз. Көктемде бүршіктері ашылып, қайта өсе бастайды, – дейді Семиозер орман шаруашылығы басшысының орынбасары Қайымжан Қазбеков.

Алайда орманның өздігінен қалпына келуін күту жеткіліксіз. Табиғи жолмен жаңару ұзақ уақыт алады. Сондықтан орман алқаптарын қайта түлету үшін көшетті көптеп өсіріп, оны уақытылы отырғызу қажет. Осы мақсатта Басаман орман шаруашылығының тұқымбағы да кеңейтіліп жатыр.

– Қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін тұқымбақтың аумағы 53 гектарға дейін ұлғайды. Оның 30 гектары үш бөлікке бөлінген. Алқаптарды кезекпен тынықтырып отырамыз. Қазір алғашқы 10 гектар жерді келесі көктемгі егіске дайындап жатырмыз. Алдағы уақытта әр 10 гектардан 10 миллион көшет өсіруді жоспарлап отырмыз, – дейді Басаман орман шаруашылығы мекемесінің басшысы Әнуар Мирманов.

Науырзым: төрт табиғи әлем тоғысқан мекен

Қостанай өңірінің інжу-маржаны – Науырзым мемлекеттік қорығы. Жусан аңқыған жазық даласы, қарағайлы қалың орманға ұласқан. Ал құмды шөлі батпақты көлге барып тіреледі. Науырзым қорығы – осындай төрт табиғи ланшафттың тоғысқан жері.

Қорықта өсімдіктің 687 түрі өседі. Құстардың 282, сүтқоректілердің 44, балық пен қосмекенділердің ондаған түрі кездеседі. Науырзым қорығының көлдері мен құстары халықаралық деңгейде қорғалады. Тағы бір ерекшелігі – мұнда еш жерде кездеспейтін реликті қарағай өседі.

– Бұл – сонау ерте заманнан сақталып келе жатқан қарағай түрі. Климат пен гидрологиялық жағдай, жер бедері өзгерсе де, ол осы күнге дейін жойылмай, орманын сақтап, таралуын жалғастырып келеді. Осындай көне дәуірден жеткен ағаш түрін реликті қарағай деп атаймыз, – дейді Науырзым мемлекеттік табиғи қорығы директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Еламан Күмісбеков.

Қорықтың табиғи байлығын сақтау үшін өрт қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінеді. Биыл мұнда бес орман өрті тіркелген.

– Биыл қорық аумағында бес орман өрті болды. Оның төртеуі найзағайдан, біреуі адамның кінәсінен шықты. Қорыққа рұқсатсыз кірген азамат өртке себеп болған. Осы жағдайға байланысты хаттама толтырылып, айыппұл салынды, – дейді Науырзым мемлекеттік табиғи қорығы директорының орынбасары Мейрам Шалдыбаев.

Қорық аумағын бақылау үшін мұнда 10 мұнара орнатылған. Олардың әрқайсысына айналаны шолып, қозғалысты тіркейтін бейнекамералар қойылған.

Фото: видеодан алынған скрин

Оның айтуынша, бейнебақылау жүйесі браконьерлерді анықтауға ғана емес, қорықтағы жануарларды есепке алуға да көмектеседі. Түнгі уақытта аумақта жүрген көліктерді тіркеу арқылы мамандар жануарлар дүниесін бақылап отырады.

Торғай даласына ақбөкен мен керқұлан қайта оралды

Торғай даласы – ақбөкеннің байырғы мекені. Бетпақдала мен Ырғыз арасын көктей өтетін киіктердің бір бөлігі «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерваты аумағын қоныс етеді. Бұл – олардың төлдеп, көшіп-қонатын маңызды мекені. Алайда ақбөкендердің егістік алқаптарға түсуі шаруаларға да, табиғат қорғаушыларға да қосымша міндет жүктеп отыр.

– Көктемгі санақ бойынша Қостанай облысында 362 мың бас ақбөкен тіркелді. Биыл ауыл шаруашылығы алқаптарын таптап кетпеуі үшін орман шаруашылықтары, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен «Охотзоопром» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлерінен арнайы экипаждар жасақталды. Олар егістік алқаптарды бақылап, қорғау жұмыстарын жүргізді, – дейді Қостанай облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Талғат Берманов.

Торғай даласында соңғы жылдары тағы бір ерекше жануардың тұқымы көбейе бастады. Осыдан шамамен 200 жыл бұрын қазақ даласынан жойылып кеткен Пржевальский жылқысы, яғни керқұлан қайта оралды. Соңғы екі жылда Чехия мен Германиядан 21 бас жабайы жылқы әкелінген.

– Жылқылардың бір тобы қазір табиғи ортаға бейімделіп жатыр. Келесі жылы көктемде олардың тағы бір тобын далаға шығарамыз. Қазіргі уақытта жануарлар 53 гектар аумақтағы қоршауда жайылып жүр, – дейді «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватының директоры Дүйсенғали Айтбаев.

Қоршаудан шығарылған керқұландардың дала жағдайына бейімделуі де жіті бақылауда. Әсіресе, Торғайдың қытымыр қысы мен жазғы аптап ыстығына төтеп беруі, жыртқыштарға жем болмауы маңызды. Әліби реинтродукция орталығының мамандары жануарлардың жағдайын тәулік бойы қадағалайды. Әрқайсысына GPS-трекер орнатылған. Жаңа туған құлындарға да микрочип салынады.

– Қазір осы аумақта 18 бас құлан жүр. GPS құрылғысы олардың орналасқан жерін көрсетіп тұр. Құрылғы бойынша жануарлар біз тұрған нүктеден 24 шақырым қашықтықта, – дейді «АСБК» бақылаушысы Қайыржан Жүсіпбеков.

Бұған дейін «Экоаудит» бағдарламасы Шығыс Қазақстан облысында 2 млрд ағаш егу жоспарын зерделеген еді.