Қала әкімдігінің лифт инфрақұрылымының жай-күйі туралы мәліметіне сәйкес, бүгінде Қостанайда 516 жолаушылар лифті бар. Оның 146-сы белгіленген 25 жылдық пайдалану мерзімін өтеген.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, белгіленген талаптар сақталған жағдайда лифтілерді тағы тоғыз жыл пайдалануға болады. Алайда Қостанайдағы 105 лифттің қолданыс мерзімі 34 жылдан асып кеткен. Сондықтан оларды ауыстыру қажет.
Апатты жағдайлардың алдын алу үшін мамандандырылған ұйымдар көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару органдарымен бірлесіп, жабдықтардың техникалық жай-күйін бақылап отырады. Негізгі тораптар мен механизмдердің жарамдылығына күн сайын мониторинг жүргізіліп, қажет болған жағдайда жөндеу жұмыстары атқарылады.
Қалада лифтілерді кезең-кезеңімен, қайтарымды негізде ауыстыру бағдарламасы жұмыс істейді. Оған қатысу үшін пәтер иелерінің тиісті шешімі қажет.
2024-2025 жылдары Қостанайда жалпы құны 322,9 млн теңге болатын 20 лифт ауыстырылды. Ал 2026 жылы 8-шағын аудандағы № 9 үйдің тағы төрт лифтісін ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл мақсатқа 60 млн теңге бөлінген. Монтаж жұмыстарын желтоқсанда аяқтау жоспарланған.
Есеп бойынша, бір жолаушылар лифтісін толық ауыстырудың орташа құны шамамен 15 млн теңге. Пайдалану мерзімі өткен 146 лифтіні түгел жаңарту үшін шамамен 2,19 млрд теңге қажет. Бағдарлама пәтер иелерінің келісімін алу және бюджеттік өтінімдерді қалыптастыруға қарай жалғасады.
Еске салайық, бұған дейін Атырауда көпқабатты 45 үйді жөндеуге және 67 лифтіні ауыстыруға 3,7 млрд теңге қажет екенін жазғанбыз.