Қостанайда апатты су құбырын күрделі жөндеуге дайындық жүріп жатыр

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай қаласындағы су құбырларында апатты жағдай болды. Зақымдану жойылғанымен, құбыр техникалық тұрғыдан апатты деп танылып, күрделі жөндеуді қажет етеді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Қала әкімдігінің мәліметінше, Л. Беда көшесінде, Абай даңғылы мен Алтынсарин көшесінің аралығында апат тіркелген. Зақым уақытша жөнделген, алайда бұл тек күрделі жөндеу жұмыстары басталғанға дейінгі уақытша шешім.

Мамандардың айтуынша, диаметрі 500–600 мм болатын болат құбыр апатты жағдайда, тозу деңгейі жоғары және кешенді ауыстыруды қажет етеді. Коммуналдық қызметтердің бағалауы бойынша, мұндай техникалық күрделі жұмыс шамамен жеті тәулікке созылуы мүмкін.

Алдағы мерекелік демалыс күндері мен жаңа оқу жылының басталуына байланысты күрделі жөндеу жұмыстарының басталу мерзімі кейінге шегерілді. Жөндеу жұмыстары 2 қыркүйекте басталады.

— Осы күні Л. Беда көшесінің Алтынсарин көшесінен Абай даңғылына дейінгі бөлігінде автокөлік қозғалысы уақытша шектеледі. Қала тұрғындары мен жол қозғалысына қатысушылардан уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарап, маршруттарын алдын ала жоспарлаулары сұралады, — делінген хабарламада.

Бұдан бұрын 29 тамызда Қостанайда апат салдарынан жарық өшкені белгілі болды.