Қостанайда апелляциялық сот кәсіпкердің 67 млн теңгеден астам айыппұлын жойды

Фото: Pexels

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM –  Қостанай облыстық апелляциялық соты 67 миллион теңгеден астам салық айыппұлын жойып, жеке кәсіпкердің пайдасына шешім қабылдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Қостанай облыстық сотына сілтеме жасап. Сот жеке кәсіпкерге қатысты салықтық тексерудің заңсыз жүргізілгенін анықтап, оны жарамсыз деп таныды.

Істің мән-жайына тоқталсақ, уәкілетті орган 2023 жылдың қаңтар–мамыр айлары аралығында жеке кәсіпкердің табысы қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша міндетті тіркеу үшін белгіленген шекті айналым мөлшерінен — айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 20 000 еселенген мөлшерінен асып кеткенін анықтаған. Осыған байланысты кәсіпкер, табыс шегінен асқан ай аяқталғаннан кейінгі 10 жұмыс күні ішінде ҚҚС бойынша есепке қою туралы өтініш бермеді деген уәжбен әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Бірінші сатыдағы сот кәсіпкерді әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 67 млн теңгеден астам айыппұл салған. Алайда, апелляциялық шағымды қараған Қостанай облыстық соты бірінші сатыдағы соттың қорытындысымен келіспеген.

Белгілі болғандай, істің қозғалуының негізі — ҚҚС бойынша тіркеудің болмауына байланысты жүргізілген жоспардан тыс тақырыптық салықтық тексеру актісі болған. Алайда аталған тексеру тағайындалған және басталған сәтте жеке кәсіпкер ҚҚС бойынша есепке алынған болып шыққан. 

«Сол себепті, көрсетілген негіз бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізу заңсыз деп танылып, тексеру барысында алынған материалдар дәлел ретінде жарамсыз деп есептелді. Тексеру кезінде Кәсіпкерлік және Салық кодекстерінің талаптары бұзылғаны анықталып, құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс жүргізу тоқтатылды», деп хабарлады Қостанай облыстық соты.

Апелляциялық сатының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы күшін жойып, әкімшілік іс жүргізу тоқтатылды. Қаулы заңды күшіне енді.

Бұған дейін Қостанай облысында су құбыры құрылысына арналған 157 млн теңге мемлекет кірісіне өндірілгенін жаздық.