Қостанайда азаматтың баспана кезегіне тұрған күні 11 жылға кері шегерілді

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған азамат соттан мемлекеттік тұрғын үй кезегіне тіркелген күнін өзгертуді талап етті. Нәтижесінде оның кезекке тұрған уақыты 2020 жылдан 2009 жылға ауыстырылды.

Фото: pexels

Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының мәліметінше, талап қоюшы 2007 жылдан бері ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатына жатады. Ол мектеп-интернатта тәрбиеленген.

2020 жылы азамат тұрғын үй алу кезегіне өз бетінше тіркелген. Алайда кейін өзі тәрбиеленген білім беру мекемесі оны кезекке 2009 жылы-ақ қоюы керек болғаны анықталған.

Осыған байланысты ер адам тұрғын үй кезегіне тіркелген күнін өзгертуді талап етіп, «Отбасы банкіне» қарсы сотқа талап арыз берген.

Істі сотта қарауға дайындау барысында тараптар медиация тәртібімен келісімге келген.

Соттың хабарлауынша, медиациялық келісімнің шарты бойынша жауапкер талап қоюшының мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегіне тіркелген күнін 2020 жылдан 2009 жылға ауыстыруға міндеттенген.

Сот бұл келісімді бекітті. Қазіргі уақытта тараптар қол жеткізген уағдаластық толық орындалған.

Сот мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері Қостанай облысында татуластыру рәсімдері арқылы 199 әкімшілік іс аяқталған. Бұл қаралған және аяқталған істердің жалпы санының 18,7 пайызы.

Еске сала кетейік, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев елімізде 846 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұрғанын айтты.