Қостанайда қар жаууына байланысты полиция қызметі күшейтілді

Фото: Қостанай облысы ПД

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін таңертеңнен Қостанайда, сондай-ақ Қостанай, Меңдіқара, Федоров аудандарында қар аралас жаңбыр жауып, ауа райы күрт өзгерді.

Температураның нөлден жоғары болғанына қарамастан, жолдар лайланып, тайғақтанып, бірқатар жол апатына себеп болды.

Ауа райының нашарлауына байланысты патрульдік полиция қызметкерлері жедел тәртіпке көшті. Әсіресе «Қостанай — Алматы — Екатеринбург» бағытындағы республикалық маңызы бар жолға назар аударылды. Қарабалық ауданы бағытында таңғы сағат 6:00 мен 10:00 аралығында жолдан тайып кеткен тоғыз көлік шығарылды.

Тас жолдың бір бөлігінде «Альфард» және «Фольксваген» көліктерінің жүргізушілері рөльге ие бола алмай, жолдан шығып кеткен. Көліктерді қар құрсауынан шығару үшін жолдан өтіп бара жатқан жүк көлігі мен басқа да жүргізушілер көмекке келіп, патрульдік полиция қызметін шақырды.

Тәртіп сақшылары жүргізушілерге көріну нашарлағанда және тайғақ жерлерде жол қозғалысы ережелерін сақтауды ескертті.

Фото: Қостанай облысы ПД

Осындай алдын алу шараларына қарамастан облыс орталығында 12 жол-көлік оқиғасы болған. Зардап шеккендер жоқ, тек материалдық залал туралы хабарланды. Жол-көлік оқиғаларына қашықтықты сақтамау, жылдамдықты арттыру және маневр жасаудағы қателіктер себеп болды.

Сондай-ақ, қатты жел кезінде полицейлер жүргізушілерді ағаш түбінде тұрмауға шақырды.

Бүгін таңертең ғана полицияға осыған ұқсас оқиғалар туралы 10 хабарлама келіп түсті. Мәселен, Абай даңғылындағы ғимарат ауласында Exeed көлігінің үстіне ағаш құлаған. Дәл осындай оқиға Павлова көшесінде де болып, ағаш JAC көлігін зақымдады. Екі жағдайда да полиция қызметкерлері айғақтарды жинап, келтірілген шығынды анықтап жатыр, қорытынды бойынша процессуалдық шешім қабылданады.

— Қостанай облысының полиция департаменті көлік жүргізушілеріне ауа райы болжамын алдын ала тексеріп, бағдарларын соған сәйкес реттеуді қатаң түрде ұсынады. Қалада жаяу жүргіншілер өткеліне дейін жылдамдықты азайтыңыз, қауіпсіз қашықтықты сақтаңыз, тас жолда жылдамдықты асырмай, басып озу және басқа маневрлар алдында жағдайды мұқият бағалаңыз, — деп атап өтті департамент.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Қостанай облысында алғашқы қар жауды. Соның салдарынан бірқатар аудан жарықсыз қалды.