Қостанайда құрбан шалатын орын белгіленді

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Биыл құрбандық шалу 27 мамыр күні Құрбан айт намазынан кейін өтеді. Қостанай облысының барлық аудандары мен қалаларында рәсімге арналған арнайы орындар белгіленді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Фото: Tek.fm

Мал сою 29 мамырда күн батқанға дейінгі намаз – екінті намазына дейін жалғасады. Облыс орталығында құрбандық шалу «Қостанай Агропродукт» - «Амиго» ат спорты клубының аумағында ұйымдастырылады. 

Облыстық мешіттің наиб имамы Әлішер Балахмет атап өткендей, шариғаттың барлық нормаларына сәйкестігін қамтамасыз ету үшін нысанда арнайы дайындалған 20 қасапшы, сондай-ақ имамдар мен ұстаздар жұмыс істейді. 

- Ең бастысы, бәрі шариғат бойынша, тазалық пен санитарлық талаптар сақтала отырып, дұрыс жүргізілуі керек. Барлық малдың қажетті құжаттары мен ветеринарлық паспорттары болады, - деп атап өтті спикер. 

Мал сою орындарында тәртіп, санитарлық тазалық және мал сою процесін бақылауды қамтамасыз ету жоспарланған.

Құрбандық шалынатын тағы бір орын – Тобыл қаласындағы «Союз ТС» аумағы. 

Имам құрбандыққа шалынатын жануарлар шариғат талаптарына сәйкес келуі керек екенін еске салды: қой кемінде бір жаста, ал ірі қара мал кемінде екі жаста болуы керек.

Павлодар тұрғындары құрбандықты қайда шала алатынын мына материалдан оқи аласыз.

Осыған дейін Қазақстанда құрбандыққа шалатын қой бағасы туралы жаздық.