Гипертония және демікпе дерті бар мұғалім өз танысына мектеп басшылығы вакциналау паспортын талап етіп жатқаны туралы айтады. Мұндай анықтаманы заңды жолмен рәсімдеп, бүкіл тексерулерден өту үшін кемінде 120 мың теңге керек деген ақпарат алған әйел аталған қызметті 20 мың теңгеге «істеп беретін» адамдарға жүгінеді.
Құжат жасаушылар 20 мың теңге қолдарына түскен бойда анықтаманы мұғалімнің үйіне әкеліп береді. Алайда әріптесі ол анықтаманың жарамдылығына күмән келтіреді. Ашуланған әйел әлгі құжатты берді деп көрсетілген мемлекеттік емханаға барып шу шығарған.
«Бас дәрігердің медициналық қызметтер сапасын бақылау жөніндегі орынбасары оқиға туралы дереу полицияға хабарлады. Аталған факті Қылмыстық кодекстің «құжаттарды қолдан жасау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Онда 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделген. Қазір тергеу жүріп жатыр», - дейді Ішкі істер министрлігінің баспасөз өкілі Шұғыла Тұрлыбек.