Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың соңында Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстан Республикасындағы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясы қабылданып, сондай-ақ «Пробация туралы» заңға қол қойылған болатын. Аталған нормативтік құқықтық актілер қабылданған уақыттан бері, осы бағыттағы жұмыс жандандырылып келеді. Әдетте темір тордан босап шыққан азаматтарды қоғам «жат» көріп, өткен өмірін сынға алып жатады. Олар еркіндікке шыққаннан кейінгі өмірін бұлыңғыр, қалың тұман секілді көреді. Жұмыссыздық, кәсіпке бейімсіздік, қоғамның қабылдамауы, мемлекеттің қолдамауы оларды темір торға қайта апаратыны анық. Қазіргі таңда оларды қайта әлеуметтендіріліп, қалыпты өмір сүруіне жағдайлар жасалуда.
Елімізде жыл басынан бері пробация қызметінің есебінде тұрған 8814 адамға 10 мыңға жуық түрлі әлеуметтік-құқықтық көмектер (жұмысқа орналастыру, білім беру, құжаттану, медициналық, құқықтық, психологиялық, материалдық, т.б.) көрсетілген. Оған мысалдар жетерлік.
Жақында Қостанай өңірінің ҚАЖ қызметкерлері жазасын өтеп шыққан 52 жастағы ІІІ топтағы мүгедек кісіге көмек көрсетті.
«Мүмкіндігі шектеулі бұл азаматты Наурызым аудандық пробация қызметінің есебіне қойған уақытта оған қандай әлеуметтік көмектер қажеттігі көрсетілген жеке бағдарлама жасалды. Атап айтатын болсақ, материалдық, құқықтық және медициналық көмектер көрсетілді, оны жұмысқа орналастырды», - дейді Қостанай облысы бойынша ҚАЖ департаменті пробация бөлімінің бастығы Қанат Рыщанов.
Сондай-ақ, бас бостандығынан айыру мекемесінен босап шыққан азамат С. біржолғы жәрдемақы алды. ҚАЖ қызметкерлері оның әлеуметтік статусын ескере отырып, толық медициналық тексеруден өткізді, протездік-ортопедиалық көмек алуы үшін жергілікті денсаулық сақтау органдарының ықпалымен «Сосновый бор» шипажайына емделуге жіберілді.
Аталған азамат жеке бағдарлама аясында «Жол картасы - 2020» бағдарламасына қатысты, нәтижесінде оған қайтарымсыз несие беріліп, аяқ киім жөндеу шеберханасын ашты.
Келесі бір мысалда үш жылға бас бостандығынан шектеуге сотталған Қостанай облысының тұрғыны 47 жасар Эдуардқа нақты әлеуметтік көмек алуына жәрдемдесті. Бұл кісі өзге біреудің көмегінсіз қозғала алмайды. Ол ҚАЖ қызметкерлерінің бақылауына түскенге дейін әлеуметтік статусын анықтай алмаған. Алайда қызметкерлер оған денсаулығына байланысты жәрдемақы алуға құжаттарын ресімдеп, жәрдемақы алуға көмектесті, мұнымен қоса оған мүгедектік арбасы берілді.