Қостанайдағы мәселелерді ЖИ арқылы бақылау тәжірибесі қолға алына бастады

АСТАНА. KAZINFORM – Қостанайда қалалық инфрақұрылымды бақылау және ондағы мәселелерді жедел анықтау үшін жасанды интеллект технологиялары сынақтан өткізіліп жатыр. Жаңа цифрлық шешімдер қалалық қызметтердің жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл туралы Kazinform тілшісі хабарлайды.

Фото: видеодан алынған скрин

Бұл туралы iKomek-109 ахуалдық орталығының 2026 жылдың тоғыз айындағы жұмыс қорытындыларын таныстыру барысында белгілі болды.

Баяндамада айтылғандай, қазір Қостанайда қаланы басқаруға арналған цифрлық панель жаңғыртылып жатыр. Жүйе қалалық шаруашылықтың түрлі бағыттарын бақылауға арналған құралдарды біріктіреді.

Атап айтқанда, қар полигонындағы автотаразы деректері жүйеге енгізілген. Бұл көлік құралдарының аумаққа кіргенін тіркеуге және шығарылған қар туралы ақпаратты жүйелеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтар мен ірі көлемді қоқыстарды шығару барысын бақылау модульдері жетілдіріліп жатыр.

Көшелерді жарықтандыруға да ерекше назар аударылған. «Ақылды жарықтандыру» жүйесі шамдардың жағдайын бақылап, қаланың әр көшесіндегі істемей тұрған жарық құрылғыларының үлесін анықтауға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, қоғамдық көлікті бақылаудың цифрлық құралдары дамытылып жатыр. Олардың қатарында SMS BUS жүйесі, бағдаршамдардың жұмысы, қалалық бейнебақылау камералары, жылы аялдамалар мен балалар ойын алаңдарын бақылау жүйелері бар.

Жаңа бағыттардың бірі – жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді сынақтан өткізу. Алдағы уақытта бұл технологиялар қалалық инфрақұрылымдағы мәселелерді жылдам анықтауға, мониторинг дәлдігін арттыруға және шешім қабылдау үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді деп күтіледі.

Сонымен бірге жасанды интеллекттің нақты қандай міндеттерді атқаратыны және оны толық енгізу мерзімі әзірге нақтыланбаған.

Айта кетейік, Энергетика министрлігі ЖИ көмір қорын есептеу уақытын 10 күннен 20 минутқа қысқартқанын жариялады.