Қостанайдағы өртті сөндіруге Ұлттық ұланның 400-ге жуық сарбазы жұмылдырылды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанайдағы алапат өртті ауыздықтауға Ұлттық ұланның 400-ге жуық әскери қызметшісі жұмылдырылды. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«4 қыркүйек күні Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы Аманқарағай, Новонежин ауылдарының маңында өрт өрши бастағаны туралы ақпарат түсті. Осыған байланысты Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-майор Еркін Ботақановтың шешімімен өрт орнына Қостанай қаласындағы 6697, Көкшетау қаласының 5510 әскери бөлімдері жұмылдырылды. Төтенше жағдайды жою бойынша 6697 әскери бөлімнен 150-ге жуық, ал 5510 әскери бөлімнен 250-ден астам әскери қызметші және 18 техника бөлінді», - делінген Ұлттық ұланның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Әскери қызметшілер өрт ошақтары мен тілсіз жау әлі шарпымаған жерлердің арасын арнайы техинканың көмегімен жырып, қалған аумақтары сақтап қалу үшін тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин өрт себеперін анықтау бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, тисті органдар өрт қасақана адам қолынан болды деген нұсқаны да қарастырады.

Ал, министрліктің ресми өкілі Талғат Уәлидің ақпараты бойынша, өрт кезінде жарақат алған 10 адамның төртеуі ауруханада жатыр.