Қостанайлық мессенджерде қаржы пирамидасын құрып, жұртты алдаған

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының тәртіп сақшылары WhatsApp мессенджерінде қаржы пирамидасын құрып, ауыл тұрғынын алдады деген күдікпен Қостанай қаласының тұрғынын ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Аққайың ауданының 50 жастағы ауыл тұрғыны оңай жолмен ақша табамын деп интернет алаяқтың құрығына түскен. Интернетте хабарландыруды көрген ол WhatsApp мессенджеріндегі топқа кіру үшін 500 теңге жарна төлеген. Ұйымдастырушы уәдесінде тұрып, ол ақшаны еселеп қайтарған. Оңай жолмен ақша таппақ болған әйел екі апта ішінде алаяққа 90 мың теңге жіберген. Оның 30 мыңы «табыс» ретінде қайтарылып, қалған ақшасынан айырылып қалған. Алаяқтың құрығына түскенін кеш түсінген әйел полицияға жүгінді.

Полицейлер күдіктіні шілде айынан іздеді. Тәртіп сақшыларының ізіне түсетінін сезген күдікті жасырынуға тырысқанымен, жедел уәкілдер оның жүрген жерін анықтады. Полиция көрші облыстағы ауылдың бірінде Қостанай қаласының 24 жастағы тұрғыны ұсталды.

Аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне «Алаяқтық» бабы бойынша енгізілді. Күдіктіге қатысты міндетті келу түріндегі мәжбүрлеу шарасы тағайындалды. Қазіргі уақытта жәбірленушіге келтірілген шығын толығымен өтелді. Полицейлер күдіктінің осындай басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

«Криминалдық полиция қызметкерлері хабарландыру сайттарына, әлеуметтік желіге, ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргізуді күшейтті. Қазіргі уақытта облыста киберқылмысқа қарсы «Antifraud» іс-шарасы өткізіліп жатыр. Іс-шараның екі күнінде құқыққа қайшы контенті бар сайттарға 80 сілтеме анықталды, сілтемелер тиісті органдарға бұғаттау үшін жолданды. Ақпараттық технологиялар саласында бұрын жасалған 10 қылмыс ашылды, Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне 3 анықталған қылмыстық құқық бұзушылық енгізілді», - дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Виталий Подчернин.