Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінің өтуіне байланысты Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен музей-қорыққа қарасты барлық музейлер 14-15 мамыр күндері келушілер үшін жабық болады.
Әзірет Сұлтан ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы әкімшілігінің мәліметінше, аталған күндері «Тикетон» және «Давай сходим» платформалары арқылы онлайн билет сатып алуға да уақытша шектеу енгізілген.
– Халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шараны өткізу барысында енгізілетін уақытша шектеулер мен қауіпсіздік шараларына түсіністікпен қарауды сұраймыз, – делінген ресми хабарламада.
Айта кетейік, тарихи жиын қарсаңында қалада қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Осы мақсатта Шымкент қаласы мен Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан патрульдік полиция қызметкерлері арнайы шақыртылған.