НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының сегізінші турында «Ордабасы» мен «Астана» командалары кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Екі команда турнир кестесінде қатар келеді. Сондықтан ойынның тартысты өтетіні белгілі еді.
Елордалық клуб ойын барысында қарсыластар қақпасына белгіленген екі пенальтиді мүлт жіберген жоқ. Оны 57 және 64-минуттарда Рунар Сигурьонссон шебер орындады. Оған 70-минутта «Ордабасы» ойыншысы Жоао Пауло бір голмен жауап берді.
Кездесуде «Астана» қарсыласын 2:1 есебімен жеңіп, турнир кестесінде 14 ұпаймен екінші орынға көтерілді. Көш басында 18 ұпаймен «Қайрат» командасы тұр.
Естеріңізге сала кетелік, кеше аталған турдағы екі ойын өткізілді. Бұл күні «Жетісу» «Оқжетпесті» 1:0 есебімен басым түссе, «Шахтер» мен «Тараз» 1:1 есебін қанағат тұтты .
Сондай-ақ, бүгін «Тобыл» мен «Қызылжар», «Қайрат» пен «Қайсар» командалары жасыл алаңға шығады.
Фото:
fcastana.kz
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.