Премьер-лига: «Жетісу» «Оқжетпестен» басым түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының сегізінші турында екі ойын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы кездесу Талдықорғанның «Жетісу» және Көкшетаудың «Оқжетпес» командалары арасында болды. Екеуі де биылғы доп додасын ала-құла өткізіп жүр. Бүгінгі кездесу тағдырын талдықорғандық Олжас Керімжанов 44-минутта соққан жалғыз гол шешті. Осылайша «Жетісу» 1:0 есебімен жеңіске жетті. Турнир кестесінде 10 ұпаймен бесінші орынға көтерілді.

Тағы бір кездесуде Қарағандының «Шахтер» және Жамбыл облысының «Тараз» командалары шеберлік байқасты. Ойын тартысты өрбіді. Бірінші кезеңде қаарғандылық клуб шабуыл шебінде жиі бой көрсетті.

Ал екінші кезеңде «Тараз» қарсыластар қақпасы маңында көбірек көрінді. Нәтижесінде олардың қатарынан Валерий Каршакевич 50-минутта мергендік танытты. «Шахтер» сапынан Усман Мухаммед 90-минутта таразы басын теңестіріп кетті. Ойын 1:1 есебімен тең аяқталды.

Аталған турдағы қалған ойындар 12 қыркүйекте өткізіледі. Бұл күні «Ордабасы» мен «Астана», «Тобыл» мен «Қызылжар», «Қайрат» пен «Қайсар» командалары жасыл алаңға шығады.

Естеріңізге сала кетелік, жетінші тур ойындарынан кейін ел чемпионатында аздаған үзіліс болды. Қыркүйектің алғашқы аптасында Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасында ойын көрсетті.

Соңғы жаңалықтар