ҚПЛ: «Ертіс» сырт алаңда «Атырауды» қапы қалдырды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футболдан Қазақстан Премьер-лигасының ХХІV турында Павлодардың «Ертісі» сырт алаңда «Атыраудан» басым түсті.

Фото: Kffleague.kz

Екі команда турнир кестесінде төменгі орында тұрған еді. Алайда Премьер-лигадағы орнын сақтап қалу мүмкіндігін жоғалта қойған жоқ. Сол себепті атыраулық жанкүйерлер қызық ойынды тамашалады. Жорамал жасаған мамандар кездесу барысында тең нәтиже тіркелуі мүмкін екенін айтқан еді.

Кездесу барысында командалар көп гол соғуымен ерекшеленді. Атыраулық клубтан Дорде Пантелич 45-минутта қақпаны дәл көздесе, «Ертіс» сапынан Руслан Юденков 51-минутта өз қақпасына гол соғып алды.

Ал павлодарлық клубтан Мамаду Мбодж 14, Тимур Мұхаметжанов 61, Руслан Юденков 72-минутта мергендік танытты.

Осылайша, «Ертіс» сырт алаңда «Атырауды» 3:2 есебімен жеңіп, турнир кестесіндегі жағдайын жақсартып алды. 

Айта кетейік, бұдан бұрын «Алтай» (Өскемен) — «Елімай» (Семей) 2:2 есебіне қанағат білдіріп тарасты.

Еске салайық, алғашқы ойын күні, 24 қазанда петропавлдық «Қызылжар» Жезқазғанның «Ұлытауын» 1:0, Көкшетаудың «Оқжетпесі» Ақтаудың «Каспийін» 3:0 есебімен қапы қалдырса, «Жетісу» (Талдықорған) — «Тобыл» (Қостанай), «Ордабасы» (Шымкент) — «Жеңіс» (Астана) 1:1 есебін қанағат тұтты.