Биыл бас жүлдеге қол жеткізуді алдына мақсат еткен алматылық клуб бұл кездесуде де үш ұпай олжалауды жоспарлаған еді. Дегенмен ойын барысында қостанайлық команда белсенді қимыл көрсетті. Алаң иелері қақпасына жиі шабуылдап, гол соғатын мүмкіндікті іздеді. Осындай сәттердің бірінде «Қайрат» қақпасына пенальти белгіленді. Оны 18-минутта «Тобыл» сапынан Урош Милованович өзінің еншісіне жазды. Оған 40-минутта «Қайрат» футболшы Марк Гуаль бір голмен жауап қайырды.
Ойынның 44-минутында Урош Милованович тағы бір мәрте көзге түсті. Одан кейін қостанайлық клубтан Виталий Лисакович 63, Луис Герра 80-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Осылайша «Тобыл» тәжірибелі қарсыласын 4:1 есебімен жеңіп, турнир кестесінде 34 ұпаймен жетінші орынға табан тіреді.
Айта кетсек, бүгін павлодарлық «Ертіс» өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпесін» 2:1, Өскеменнің «Алтайы» сырт алаңда Жезқазғанның «Ұлытауын» 3:0 есебімен сүріндірді.
Кеше, яғни 12 қыркүйекте бұл турдың бес ойыны өтті. Алдымен өз алаңында Ақтаудың «Каспийі» «Ақтөбеден» 1:2 есебімен жеңілсе, одан кейін Семейдің «Елімайы» Талдықорғанның «Жетісуын» 2:1, астаналық «Жеңіс» Петропавлдың «Қызылжарын» 3:1, шымкенттік «Ордабасы» «Астананы», қызылордалық «Қайсар» «Атырауды» 1:0 есебімен жеңді.
Енді командалар алдағы тур ойындарын 17 және 18 қыркүйек күндері өткізеді. Алдымен 17 қыркүйекте «Тобыл» - «Елімай», «Астана» - «Қайрат», «Атырау» - «Ордабасы» ойнаса, 18 қыркүйекте «Оқжетпес» - «Жеңіс», «Жетісу» - «Каспий», «Алтай» - «Ертіс», «Қызылжар» - «Қайсар», «Ақтөбе» - «Ұлытау» кездеседі.